2018 жылы «хиджаб дауы» арқылы елге танылған Түркістан облысы, Мақтаарал ауданындағы Фердауси мектебі қайтадан қоғамның назарында. Бұл туралы Нұржамал Рахметова жазды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат порталы.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, мектеп оқушыларының бір бөлігі, соның ішінде Сайдакбар Мирзоевтың қыздары, оқу орнында хиджаппен білім алуда. Бұл шешім үш жыл бойы балаларын мектепке жібермей, өз талаптарын орындатуға тырысқан ата-ананың жеңісі ретінде қарастырылуда.
Фердауси мектебіндегі жағдайға аудан әкімдігі, білім бөлімі және басқа да жергілікті билік өкілдері ықпал ете алмады. Әкімнің бұрынғы идеология жөніндегі орынбасары Алтын Ешанкулова мен ішкі саясат бөлімінің басшысы Бабашов мәселені шешуге тырысқанымен, нәтиже шықпады. Бұл жағдай елдегі білім беру мекемелеріндегі бірыңғай мектеп формасын сақтау мәселесіне қатысты сұрақтар туындатты.
Мәселенің өзекті тұсы – Қазақстан халқы ассамблеясының рөлі. Ассамблеяның негізгі мақсаттарының бірі – мемлекеттік саясатты қолдау және қазақстандық патриотизмді нығайту болып табылады. Сондай-ақ, ассамблея елдегі этносаралық келісімді сақтау мен мемлекеттік тілді дамытуға ықпал етуі тиіс.
Айта кетерлік жайт, Сайдакбар Мирзоевтың туысы Акбаржон Исмайлов – Қазақстан халқы ассамблеясының кеңес мүшесі және республикалық тәжік этномәдени орталығының төрағасы. Оның әпке-жездесі балаларын мектепке жібермей отырғанда, Исмайлов ассамблея төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Бұл жағдай оның отбасындағы жағдайға ықпал ете алмауын және ассамблеяның жалпы қызметінің тиімділігіне қатысты сұрақтар туғызады.
Қазақстан халқы ассамблеясы 30 жыл ішінде елдегі этностардың мәдениетін дамыту мен бейбітшілік орнату бағытында жұмыс атқарып келеді. Дегенмен, ұйымның қазақ тілі мен ұлттық бірегейлікті нығайтудағы рөлі әлі де сын көтермейтін деңгейде деген пікірлер бар. Кейбір сарапшылардың пікірінше, ассамблея өз мақсатына толық жете алмады және оны тарату мәселесін қарастыру қажет деген ұсыныстар айтылуда.