Көлік вице-министрі Талғат Ластаев «Fly Arystan» әуе компаниясына қатысты жолаушылар тарапынан көптеген шағым түсіп жатқанын растады,деп хабарлайды Todayinfo агенттігі.
Оның айтуынша, рейстердің кешігуі немесе жолаушылардың ұшаққа кіргізілмеуі сынды мәселелер бойынша тексерістер тұрақты түрде жүргізіледі.
«Әрбір мәселе, әрбір шағым тергеледі. 2023 жылы әуе компанияларына 14 айыппұл салынды. Ең бастысы – рейстердің кешігуі кезінде жолаушылардың құқығын қорғау», – деді Ластаев.
Вице-министр жолаушыларға қажетті қызметтер көрсетілмеген жағдайлар тіркелсе, компаниялар жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.
«Егер жолаушыларға уақытылы тамақ пен қонақүй ұсынылмаса, біз шара қолданамыз. Осылайша, барлық әуе компанияларына, оның ішінде Fly Arystan-ға да 40 млн теңге айыппұл салынды», – деді ол.
Ластаевтың айтуынша, айыппұл сомасынан бөлек, бұл мәселенің қоғамдық резонанс тудыруы әуе компаниялары үшін үлкен маңызға ие.
«Әуе компанияларының беделі бар. Егер олардың аты медиаға шығып, айыппұлдар салына берсе, бұл олар үшін маңызды мәселе», – деді ол.
Егер жолаушылар өз құқығының бұзылғанын сезсе, Азаматтық авиация комитетіне ресми арыз жазуы қажет. Бұл жағдайды ресми тергеуге және тиісті шара қолдануға мүмкіндік береді.