30 жастағы ер адам бұлшық еттері ауырып, аяқтарын жаза алмай қалғаннан кейін барып Алматыдағы №7 Қалалық клиникалық ауруханаға жүгінген. Айтуынша, осыдан 3 ай бұрын футбол алаңында тізесін жарақаттап алған. Дәрігерге бармай, үйде өз бетінше қабылдаған консервативті ем еш нәтиже бермеген.
№7 ҚКА баспасөз қызметі хабарлауынша, футбол ойнаған жігіт мүгедек болып қала жаздаған.
«Доп ойнап жүргенде науқас жүрелеп отырып, аяқты бірден созбақ болған. Сол кезде аяғы кілт етіп буыны блокқа түсіп қалған. Пациент «Медиалды менисктің үзілуі, тізе буынының блокқа түсуі, бұлшық еттің ауырсыну синдромы» деген диагнозбен ауруханаға жатқызылды. Менисктің үзіліп кеткенін МРТ да растады. Науқасқа МӘМС қаражаты есебінен ота жасалды. Оған органды сақтап қалуға бағытталған – тізе буынының артроскопиясы деп аталатын ота жасалып, медиалды менискке іш жағынан 4 тігіс салынды. Мениск түзетіліп, қайта тігілді», — дейді аурухананың Ортохирургия бөлімшесі меңгерушісі Арнат Байзақов.
Дәрігерлердің біліктілігінің арқасында ота сәтті өтті. Бірақ мамандар дер кезінде медициналық көмекке жүгінбеудің салдары ауыр болуы мүмкін екендігін де жоққа шығармайды.
«Қимыл-қозғалыс аппараты зақымданып, жарақат алған жағдайда бірден дәрігерге қаралмаса қауіп күшейеді. Себебі мұндай жарақаттар салдарынан науқас өз бетінше жүріп-тұру бақытынан айырылып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан емшілерге барып немесе «Гугл дәрігерге» сүйеніп өз бетінше емделуден сақтанған дұрыс», — дейді Арнат Байзақов.