Бүгін Жетісу облысында футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының ардагерлерінің жолдастық кездесуі өтті. Бұл жарыс «Бұқаралық спорт — болашақ жеңістердің бастауы» спорттық іс-шарасы шеңберінде ұйымдастырылды, — деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Талдықорғандағы «Жетісу» стадионында болған жарыстың ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Бейбіт Исабаев өңірге арнайы келген қонақтарға ризашылығын білдіре келе:
— Бүгінгі кездесу – бұл тек спорт ардагерлерінің достық матчы ғана емес, түрлі буын өкілдерін біріктіретін мүмкіндік. Өйткені спорттың тілі бәріне ортақ. Қадірлі қонақтар, сіздермен кездескен жастар салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен айналысуға, жалпы өзіне сенуге, арманына қол жеткізуге шабыт алады деп сенемін. Бүгінгі жолдастық кездесу сәтті өтсін! — деді облыс басшысы.
Сол сияқты «Астана» ФК директоры, ел футболының көрнекті өкілі Михаил Гурман, қазақ футболында аты аңызға айналған қақпашы, спорт ардагері Құралбек Ордабаев, футболдан олимпиада чемпионы Евгений Яровенко сөйлеп, жетісулықтардың спорттағы аяқалысына жаңа табыстар тіледі.
Мұнан соң ардагерлер спортшылар Қазақстан Ұлттық құрамасы мен Жетісу құрама әуесқой командалары сапында футбол алаңына шықты. Атап айтқанда, республикалық команданың құрамында жоғарыда аты аталған футболшылармен қатар Ваит Талгаев, Сергей Волгин, Берік Арғымбаев, Асқар Қожабергенов және басқа да ардагерлер, ал облыс командасында облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл, «Жетісу» ФК бас жаттықтырушысы Самат Смақов, «Жетісу» ФК директоры Марк Гурман және басқа да азаматтар болды. Жолдастық кездесу 2:2 есебімен тең аяқталды.
Қос командаға да медальдар табысталды, ал Қазақстан ұлттық құрамасына ойынның Кубогы берілді.
Бүгін Талдықорғанға арнайы келген қонақтардың бірі КСРО және Қазақстан футболының жарқын өкілінің бірі Асқар Қожабергенов өз пікірін білдірді:
— Футболды насихаттаған, спортты дәріптеген өте дұрыс. Мұндай шаралар жастар үшін аса қажет. Қазір футбол алаңдары көбейіп, жаттығуға тамаша жағдайлар жасалып жатыр. Футболшыларға жақсы мүмкіндіктер туғызылады.Соның бәрі жастардың осы ойын түріне қызығушылығын арттырып келеді. Бүгін жанкүйерлер стадионның бір жақ қанатын толтырып отырды. Мұнда келген жасөспірімдер ұлттық құраманың сапында Қазақстанға әйгілі футболшыларды, жергілікті жанкүйерлер өздерінің бұрынғы кумирларын жүзбе-жүз көрді. Мен өзіміздің «Жетісу» стадионына қайта келгеніме қуаныштымын, — деді ол.
Фото: Дмитрий Ерофеев, Руслан Темірғали