Гаити премьер-министрі Ариэль Анри елдегі топтық қарсылық пен зорлық-зомбылық шерулеріне байланысты отставкаға кетті. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
11 наурызда Кариб қауымдастығының (CARICOM) 25 ел көшбасшылары Гаитидегі жағдай бойынша Ямайкада кезектен тыс жиналыс өткізді. Кездесуден кейін 5 наурыздан бері қауіпсіздік мақсатында Пуэрто-Рикода күткен Анри CARICOM-ға отставкаға кететінін мәлімдеді.
«Біз өтпелі президенттік кеңес құрылып, уақытша премьер-министр тағайындалғаннан кейін Ариэль Анридің отставкаға кетуін қабылдадық», — деді CARICOM төрағасы және Гайана президенті Мохамед Ирфаан Али.
Анықтама үшін Гаитидегі қауіпсіздік пен гуманитарлық жағдай 2021 жылы президент Жовенель Моиздің өлтірілуінен және сол жылдың тамызында 2200-ден астам адамның өмірін қиған жер сілкінісінен кейін нашарлады. Telesur телеарнасының хабарлауынша, қылмыстық топтар ел астанасы аумағының 80 пайыздан астамын бақылап, республиканың басқа аймақтарында топтасып жатыр.
Еске сала кетейік, гаитилік бандалардың бірінің жетекшісі, «Барбекю» атымен танымал Джимми Шеризье ел премьер-министрі Ариэль Анри отставкаға кетпесе, азаматтық соғыс бастаймыз деп қорқытқан болатын.
Анридің отставкаға кетуін талап еткен қарулы бандалар қауіпсіздік күштерімен қақтығысып, 2 және 3 наурызда Порт-о-Пренс және Круа-де-Буке аймақтары маңындағы екі түрмеге қарулы шабуылдар жасады. Қақтығыстар кезінде түрмелерден 4 мыңға жуық тұтқын қашып кетті, 12 адам қаза тапты.
Үкімет түрмеден қашып кеткен қылмыскерлерді ұстау үшін 4 наурызда 72 сағаттық төтенше жағдай және коменданттық сағат жариялады.
Шеризье бандасы премьер-министр Анридің елге оралуына жол бермеу үшін астана әуежайын бірнеше рет басып алуға әрекеттенді. Гаитиде 4 наурызда жарияланған 72 сағаттық төтенше жағдай 7 наурызда бір айға ұзартылды.