Жасанды интеллект (ЖИ) дамыған елдерде, оның ішінде АҚШ-та да дәрігерлер мен мұғалімдер тапшылығын шешуге қабілетті. Америкалық медициналық колледждер қауымдастығының деректеріне сүйенсек, 2036 жылға дейін АҚШ-та 86 мың дәрігер мен маман жетіспеуі мүмкін деген болжам бар. Бұл туралы Todayinfo ақпарат агенттігі хабарлады.
Мәселені шешу және денсаулық сақтау саласындағы кәсіби күйзелісті азайту мақсатында Suki, Zephyr AI және Tennr сияқты стартаптар жасанды интеллектіні қолдануды дамытып жатыр. Бұл компаниялар шот жазудан медициналық жазбаларды жүргізуге дейінгі күнделікті міндеттерді автоматтандыру және диагноз қою дәлдігін арттыру арқылы миллиардтаған доллар инвестиция тартқан. McKinsey консалтингтік компаниясы генеративті ЖИ-ді енгізу денсаулық сақтау және фармацевтика салаларында өнімділікті 370 миллиард долларға дейін арттыра алатынын болжайды.
Кадр тапшылығы білім беру саласында да байқалуда. АҚШ-тың 2023 жылғы федералдық статистикасынан белгілі болғандай, мемлекеттік мектептердің 86 пайызы 2023–2024 оқу жылына мұғалім табуда қиындық көрсе, 45 пайызы қызметкерлердің жетіспеушілігін алға тартып отыр.
Nvidia тәрізді технологиялық алпауыттар гуманоидты роботтарды жасауға белсенді инвестиция құйып жатыр. Бұл роботтар қоймадағы тапсырыстардан бастап ғимараттарды тазалауға дейінгі физикалық жұмыстарды орындайды. Олардың мақсаты — еңбек шығындарын азайтып, тиімділікті арттыру.
Гейтс бұл өзгерістер еңбек түсінігінің өзін түбегейлі өзгертуі мүмкін екенін атап өтті. «Сіз зейнетке ертерек шыға аласыз, аптасына аз сағат жұмыс істеуге мүмкіндік туады. Бұл бізді өмірімізді қалай өткізуіміз керек деген сұрақты философиялық тұрғыдан қайта қарауға мәжбүрлейді,» – деді миллиардер People by WTF подкастында. Ол мұндай трансформацияны елестету өзіне де жеңіл емес екенін мойындай отырып, Джон Мейнард Кейнстің 1930 жылы жасаған болжамына назар аударды: «Технологиялық прогресс жұмыс аптасын 15 сағатқа дейін қысқартады.» Алайда, бүгінгі таңда көпшілік әлі күнге дейін аптасына шамамен 40 сағат жұмыс істейді.
Гейтс атап өткендей, ерікті түрде еңбек ету — ол үшін жай теория емес, нақты шындық: «Маған жұмыс істеу қажет емес. Мен жұмыс істеуді таңдаймын. Неге? Өйткені бұл қызық.» Оның пікірінше, ЖИ дамушы елдерге, мысалы, Үндістан мен Африкаға «медициналық интеллектіні» ұсынуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Гейтс ЖИ мен робототехниканың ықпалы тек медицина мен білім беру саласымен шектелмейді деп есептейді. «Жұмысшыларды ауыстыру үшін роботтардың өте епті болуы қажет. Бірақ біз соған жетеміз,» – деді ол. Бұған дейін жасанды интеллект бедеулікпен күреске қалай көмектесетіні туралы жазылған болатын.