Түркістан облысының Мақтаарал ауданында кәсіпкерлер жоғары өнім алып жатыр. Олар жаздай төккен тердің арқасында биыл гектарынан 60-70 центнер өнім жинап жатыр. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Мақтаарал ауданына жасаған жұмыс сапарын индустриалды аймақта орналасқан «ZHANASSYL» ЖШС-нің мақта зауытымен танысудан бастады. Зауыт жылына 65 мың тонна мақта өңдеуге мүмкіндігі бар, әрі оның автоматтандырылған басқару жүйесі өндіріс процесін тиімді әрі сапалы жүргізуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Кәсіпорынның басшысы Абылай Тыныбаевтың айтуынша, зауыт биыл 50 мың тонна мақта өңдеуді жоспарлап отыр. Өңдеу барысында заманауи технологияларды пайдаланып, өнім сапасын арттыруға айрықша мән беріледі. Жоғары сапа кәсіпорынның мақта өнімдерін экспорттаудағы мүмкіндіктерін ұлғайтады.
Серіктестікке қарасты 11 мақта қабылдау бекетінде ақ алтын өнімдері жинақталуда. Ал 3 бекетте қырманнан өнім қабылдау процестері жалғасуда. Бекеттердегі жұмысшылар өнімнің сапасын мұқият бақылап, өңдеуге жіберуде. “Зауыттың ерекшелігі – жоғары технологиялар мен автоматтандырылған жүйелердің көмегімен мақтаның сапасын сақтап қалу. Сонымен қатар мұнда заманауи құрал-жабдықтар қолданылады, олар өнімді тез және тиімді өңдеуге мүмкіндік береді”,-дейді зауыт басшысы Абылай Тыныбаев.
Мақтааралдағы «Мырзакент» ЖШС мақта өңдеу зауыты да қарқынды жұмыс істеуде. Өңірдегі мақта қабылдау бекеттерінде мыңға жуық адам жұмыс істеп, жергілікті тұрғындарға тұрақты табыс көзіне айналған. Берік Қыдыралиев басқаратын бұл кәсіпорынның жылдық қуаттылығы 60 мың тоннаны құрайды. Берік Қыдыралиев облыс әкімінің орынбасарымен кездесуде мақта өндірісін әрі қарай дамыту, жоғары сапалы тұқым өндіру және өңдеу процестерін жақсарту үшін бірқатар ұсыныстар айтты. Бұл ұсыныстар аймақтағы мақта шаруашылығының тиімділігін арттыруға және оның халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға бағытталған.
Мақтаарал ауданының мақта шаруашылығы биылғы жылы жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Биыл 33,7 мың гектар алқапқа мақта егілсе, қазіргі таңда 18 мың гектардан мақта теріліп, 48 мың тонна өнім жиналды. Бұл көрсеткіш ауыл шаруашылығы саласында жаңашыл әдістердің кеңінен қолданылып жатқанын байқатады. Алдын ала болжам бойынша, биыл 92,3 мың тонна мақта өнімі алынады деп күтілуде. Орташа өнімділік гектарына 27,4 центнерді құрап отыр, яғни өткен жылдармен салыстырғанда жоғары нәтижеге жеткен.
Мақтаның сапасы мен өнімділігін арттыру мақсатында аймақта заманауи технологиялар мен агротехникалық шаралар қолданылады. Ауданда мақта өңдеумен айналысатын 9 зауыт бар, олар 34 мақта қабылдау бекетіне иелік етеді. Жетісай және Шардара аудандарында да Мақтааралдық зауыттарға тиесілі 29 мақта қабылдау бекеті жұмыс істейді. Бұл мақта өңдеу саласының ауқымды екенін және оның аймақ экономикасына қосатын үлесінің зор екенін көрсетеді. Әр зауыт өнім сапасын жоғарылатуға, өнімнің тиімділігін арттыруға бағытталған заманауи әдістер мен технологияларды қолданады.
Нұрбол Тұрашбеков сапары барысында заманауи әдістерді қолданатын «Хамро ата» өндірістік кооперативінің алқабына барды. Мұнда тамшылатып суару технологиясы енгізіліп, мақта алқаптарындағы өнімділікті арттыруға қол жеткізілген. Әдеттегі суару әдістерімен салыстырғанда, бұл технология суды 50 пайызға дейін үнемдеуге және гектарына 60-70 центнер өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл әдіс табиғи ресурстарды тиімді пайдаланып, экологиялық тұрғыдан да тиімді болып саналады. Кооператив басшылары өңірдің табиғи жағдайларына сай агротехникалық шараларды жетілдіру арқылы өнімділікті арттыруға үлкен үміт артуда.
Нұрбол Тұрашбеков шаруалармен әңгімелесу барысында облыс әкімінің тапсырмасы бойынша барлық қажетті қолдаулардың көрсетілетінін жеткізді. Ол жерді тиімді игеру және ауыл шаруашылығы саласындағы заманауи технологиялармен, әсіресе су үнемдеу әдістерімен шаруаларды кеңінен таныстыру керектігін айтты. Ауыл шаруашылығы саласында су ресурстарын үнемдеудің маңызы зор. Себебі бұл жұмыс өнімділікті арттырып қана қоймай, өңірдегі су тапшылығы мәселесін шешуге де ықпал етеді.
Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына қарасты «Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС жұмысымен де танысты. Бұл мекеме аймақтағы мақта шаруашылығын дамытуға үлес қосатын жаңа сорттарды шығару бағытында жұмыс жүргізуде. Жердің құнарлылығы мен ауа-райының ерекшеліктерін ескере отырып, станция тарапынан мақтаның бәсекеге қабілетті 13 жаңа сорты әзірленген. Серіктестік төрағасы Нұрман Дәуренбек мекеменің қазіргі таңдағы өзекті мәселелерін айтып өтті. Серіктестік басшысы ьехникалық жабдықтардың жаңартылуының маңыздылығына да тоқталды. Мекеме мақтаны жаңбырлатып суару, топырақты терең қопсыту және тиімді суарудың гидромодульдік аудандастыру технологияларын әзірлеуде.
Сондай-ақ Нұрбол Тұрашбеков Мақтааралдағы күріш өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Бұл зауыт 2020 жылдан бастап жұмыс істеп келеді және күніне 20 тонна күріш өңдеуге қауқарлы. Қазіргі уақытта мұнда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ауданда 1327 гектарға күріш егілген, ал алынған өнім 3244 тоннаны құраған. Зауыттың қызметі күріш өндірісін дамытып, ішкі нарыққа жоғары сапалы өнім ұсынуға бағытталған.
Нұрбол Тұрашбековтың Мақтаарал ауданына сапары ауыл шаруашылығы мен өңдеу саласын қолдауға, жаңа технологиялар мен әдістерді енгізуге бағытталған маңызды шараларды жүзеге асыруды басшылыққа алуды мақсат етеді. Облыста соңғы жылдары бұл саладағы нәтиже елеулі жетістіктерге қол жеткізіп келеді.
2024 жылғы қаңтар-тамыз айындағы қорытынды бойынша Түркістан облысының жеңіл өнеркәсібі өндірісінің көлемі 20 630,4 миллион теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 117,0% НКИ-ге жетті. Яғни, өнім өндіру мен қызмет көрсету көлемінің сегіз айлық көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда қарқынды дамыған. Жеңіл өнеркәсіп өндірісінің жалпы үлесі 2,7%-ды құрап, облыстың өнеркәсіп секторындағы маңызды рөл атқарып отыр.