2025 жылы Қазақстан Гендерлік алшақтықтың жаһандық индексінде 148 елдің ішінде 92-орынды иеленіп, бір жыл ішінде бірден 16 позицияға төмендеді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпараттық порталы.
Әсіресе шешім қабылдау саласында көрсеткіштер әлсіз: ел әйелдердің өкілдігі бойынша 117-орында. Парламенттегі әйелдердің үлесі 18,4%, ал министрлік қызметтерде – 14,3%.
Қазақстандағы гендерлік теңсіздік салалар бойынша қалай көрінетінін және басқа елдермен салыстыруды инклюзия және гендерлік теңдік саласының сарапшысы Нуржамал Иминова түсіндіреді.
Дүниежүзілік банк есептеулеріне сәйкес, Қазақстанда ерлер әйелдерге қарағанда 27–31%-ға көп табыс табады, тіпті дағдылары мен жұмыс орны бірдей болған жағдайда да. Кейбір салаларда бұл айырмашылық өте жоғары деңгейге жетеді. Мысалы, ауыл шаруашылығында ол 112%-ға дейін баруы мүмкін.
— Негізгі себептердің бірі – жұмыспен қамтудың салалық құрылымы. Әйелдер көбіне білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік салада шоғырланған, ал бұл салаларда жалақы деңгейі дәстүрлі түрде төмен. Ерлер, керісінше, жиі жоғары табысты салаларда жұмыс істейді: мұнай-газ, IT, құрылыс және қаржы секторларында, — деді сарапшы.
Жоғары білім деңгейі де бұл теңсіздікті жоя алмай отыр. Қазақстанда кәсіби сегрегация сақталған: STEM бағыттарында әйелдердің үлесі небәрі 14%, ал ерлерде – 36,1%. Ал білім беру саласында әйелдер 3,4 есе, денсаулық сақтау саласында 2,6 есе көп, бұл ұзақ мерзімді табыс айырмашылығын бекітеді.
Өңірлік тұрғыдан алшақтық өндірістік өнеркәсіп шоғырланған аймақтарда айқынырақ байқалады: Атырау, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында. Мұнда жоғары жалақы көбіне дәстүрлі «ерлерге тән» салаларда, бұл теңсіздікті күшейтеді. Алматы және Астана сияқты ірі қалаларда жағдай екіұшты: бір жағынан, жоғары жалақы салалары көбіне ерлердің үлесінде, екінші жағынан, әйелдер үшін мансаптық өсу мен еңбек нарығына қолжетімділік мүмкіндіктері көбірек.
— Экономикада құрылымдық кедергілер сақталуда. Әйелдер шағын бизнестің 27,6%-ын, орта бизнестің 31,7%-ын және ірі компаниялардың тек 17%-ын басқарады. Бұл ауқымды бизнес мүмкіндіктеріне қолжетімділіктің шектеулі екенін көрсетеді. Әйелдердің еңбек нарығына қатысу деңгейі де төмен – 63,3%, ал ерлерде – 74,6%. Сонымен қатар әйелдер арасында жұмыссыздық деңгейі жоғары (5,5% қарсы 4,3%) және толық емес жұмыспен қамтылу жиі кездеседі, -деді ол.
Жағдай «шыны төбе» әсерімен де күрделене түседі. Жеке кәсіпкерлік деңгейінде әйелдердің үлесі шамамен 52% болса, орта және ірі бизнесте олардың басшылар арасындағы үлесі 24,1%-ға дейін төмендейді, ал жоғары менеджментте – 26%.
Әйелдердің экономикалық жағдайына әсер ететін факторлардың бірі – үй шаруасындағы еңбектің тең бөлінбеуі. 2024 жылғы Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, ерлер жұмыс күндері үй шаруасына орта есеппен 48 минут, демалыс күндері шамамен 1,5 сағат жұмсайды. Ал жұмыс істейтін әйелдер – жұмыс күндері 2 сағат 13 минут, демалыс күндері 4 сағат 44 минут. Мұндай жүктеме кәсіби өсу мен табысты арттыру мүмкіндіктерін тікелей шектейді.
— Өңірлік салыстыруда Қазақстан Орталық Азия мен Кавказ елдері арасында төртінші орында, гендерлік теңдік көрсеткіші – 69,8%. Көшбасшылар – Армения (73,1%) және Грузия (72,9%), ал ең төмен көрсеткіш Тәжікстанда тіркелген.
Осылайша, Қазақстандағы гендерлік теңсіздік заңнаманың болмауымен емес, экономиканың құрылымымен, рөлдердің бөлінуімен және мүмкіндіктерге қолжетімділікпен байланысты. Бұл факторлар сақталған жағдайда, формалды теңдік нақты теңдікке айналмайды, – дейді сарапшы.

