Жақында Жас Алаш порталы «Мәдениет саласындағы тендерлер. Тергеліп жатқан Майлыбаевтың қай орынбасары?» тақырыбында мақала жариялаған болатын. Онда жемқорлық күдігімен ұсталған мәдениет саласындағы шенділер туралы, сондай-ақ Алматы қалалық мәдениет басқармасының қызметкеріне қатысты зерттеу жүргізді.
Былтыр 12 мамырында Алматы облысы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Әлия Жақыпбекова бюджет қаражатын ұрлады деген күдікке ілінді. Кейінгі мәлімет бойынша, ол қамауда отыр. Арада бес ай өткенде, 12 қазанда Шымкенттегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Сәкен Шәкеевті ұстағанын хабарлады.
Ал қараша айында антикор Алматы қалалық мәдениет басқармасы басшысының орынбасарына қатысты іс қозғалғанын ресми жариялаған еді. Антикордан қай орынбасары екенін анықтау мақсатында ресми сауал жолдадық. Ресми жауапта сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерi жария етiлмейтінін, жария етілген күнде де БАҚ-та орналастыруға қолжетімді ақпараттың желілерде шығатынын мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта Сіз сұраған ақпаратты ұсыну мүмкүн емес. Себебі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексiнің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерi жария етiлмеуге тиіс. Олар, егер бұл тергеп-тексеру мүдделерiне қайшы келмесе және басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзуға байланысты болмаса, прокурордың рұқсатымен қандай көлемде жария ету мүмкiн деп танылса, сол көлемде жария етiлуi мүмкiн. Сонымен қатар, Департаменттің сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша БАҚ-та орналастыруға қолжетімді ақпарат ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің «Facebook» әлеуметтік желісіндегі ресми аккаунттарында, «YouTube» бейне хостингінде және «Antikor» Telegram арнасында жарияланатынын хабарлаймыз. Осы жауаппен келіспеген жағдайда, Сіз заңда белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылысыз», — делінген хабарламада..