Түркістанда Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай шыққан кітаптың таныстырылымы өтті. «Қаныш және ғылыми майдан» атты кітапты Санжар Керімбай мен Әйбек Нәби оқырман қауымға таныстырды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпараттық порталы.
Геолог-ғалым, минералогия ғылымдарының докторы, профессор, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев жайында сыр шертетін кітаптың мазмұнында Қаныштың өмір жолы, қызметі, жасаған ерліктері қамтылған. «Қаныш және Ғылыми майдан» кітабының ерекшелігі – мұнда Қаныш Сәтбаевтың пайда болу дәуіріндегі, өмір жолындағы ықпал еткен тұлғалар тұтас алынады.
«Қаныш Сәтбаев елімізде мың жылда бір туатын тұлға болғаны үшін осы кісіні насихаттау арқылы жаңа қоғамға жастарға жаңа леп сыйлағымыз келді. Себебі Қаныш Сәтбаев туралы СССР кезінде билік тарапынан қасақана насихатталмаған. Қаныш Сәтбаев туралы кітаптардың барлығы қуғын-сүргінге түсіп, толықтай жойылып кеткен. Қазіргі кітаптардың бәрі тәуелсіздіктен кейін ғана шыққан. Соңғы 35 жылда Қаныш Сәтбаевты мүлде танымайтын жаңа буын пайда болды. Міне енді жаңа буынның санасына Қаныштың тұлғалық қасиеттерінің бәрін қайтадан сіңіру, жұқтыру мақсатында шығардық. Кітапта Қаныштың қалыптасуы жолындағы тұлғалар тұтас алынып, қамтылады. Оқыған адамның бәрі өмірге құлшынысы артады деп ойлаймын. Ерекшелігі де осы жерде, — дейді кітаптың авторы Санжар Керімбай.
Ендігі кезекте Академик, геолог және қоғам қайраткері Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың өмір жолына аз-кем тоқталсақ.
Қаныш Сәтбаевтың балалық және жастық шағы
1899 жылы 12 сәуірде Теңдік ауылынан 1 километр қашықтықтағы Айрық деген жерде дүниеге келді. Бүгінде бұл — Павлодар облысы Баянауыл ауданы Сәтбаев ауылдық округіндегі Мұса Шорман ауылы. Дүниеге келген сәбиге Ғабдул-Ғани деген есім берілген. Анасы ұлын еркелетіп Ғани, Ғаныш деп атапты. Артынша баланы барлығы Қаныш деп атай бастаған. Қаныш Сәтбаев ауыл молдасынан білім алады. Ол араб, парсы тілдерінде оқыған. Мұнан кейінгі екі жыл көлемінде Сәтбаев уездегі алғашқы қазақ-орыс мектебінде білім нәрімен сусындайды. Мектеп Аққелін аулында ашылған. 1911 жылы Қаныш Павлодардағы орыс-қазақ училищесіне түседі. Ол үш жыл ішінде төртжылдық бағдарламаны меңгеріп алып, артынша Семейдегі мұғалімдер семинариясына оқуға түскен. Сәтпаевтың денсаулығы сыр бере бастағандықтан, диплом алу үшін емтиханды экстернмен тапсырған. Содан кейін Томск технологиялық институтына түсуге дайындалады. Асқынған туберкулезді қымызбен емдеу үшін 1920 жылдан 1921 жылға дейін туған өлкесінде болады. Осы кезде Қаныш Сәтбаев қазақ мектептеріне арнап алғашқы алгебра оқулығын жасауды бастайды. Бұл жұмысты 1954 жылы бітіреді.
Академик Қаныш Сәтбаевтың сара жолы
1921 жылдың басында Қаныш Сәтбаевтың тағдыры бір кездесуден кейін күрт өзгереді. Ол асқынған туберкулезден қиналып, қымызбен емделген-ді. Осы кезеңде Баянауылға емделуге кеңес геологы Михаил Усов келеді. 22 жастағы жігіт геология туралы әңгімелерге қызығып, 1921 жылы халық сотындағы қызметін тастап, Томскідегі техникалық институтқа түседі.
1922 жылдың басында дерті Сәтбаевтың жолына тағы да тосқауыл болады да, жас өрен ауылына қайта оралады. Бірақ Қаныш оқуын тоқтатқысы келмей, үйінде университет курсынан өтемін деп шешеді. Бұған Баянауылға жиі келетін Усов көмектеседі. Сәтбаев жарты жылдан кейін университетке оралып, 1929 жылы оны сәтті аяқтайды. Көп ғасыр тарихы бар қазақтардың арасында тұңғыш геолог атанған Қаныш Сәтбаев Жезқазған және Қарсақбай ауданындағы басқа да пайдалы қазбалар кен орындары геологиясын зерттеді.
Сәтбаев геологиялық барлау жұмыстарын жүргізді, оның жетекшілігімен бұрғылау мастерлері, сызба сызушылар, прорабтар және т.б. кадрлар қалыптасты.
Қазақстандық ғалым Жезқазған мыс кен орнының қоры бұрынғыдан әлдеқайда көп екенін дәлелдеді. Осы жаңалық үшін оған 1940 жылы КСРО жоғары мемлекеттік наградасы – Ленин ордені берілді. Кейінірек оған тағы төрт орден табыс етілді.
Қаныш Сәтбаев соғыстан кейінгі жылдары елдегі ғылымда жүрген адамдардың басып қосып, Қазақ ғылым академиясын құрды.
1946 жылы ашылған ҚазКСР ғылым академиясының алғашқы президенті болып Қаныш Сәтбаевтың сайлануы кездейсоқтық емес.
1947 жылы наурызда Қаныш Сәтбаев КСРО жоғарғы кеңесінің депутаты ретінде Лондонда Уинстон Черчиллмен кездеседі, сол кезде саясаткер одан «Өзге қазақтар да сіз сияқты бойшаң ба?» деп сұрағанда академик: «О не дегеніңіз, Черчилль мырза, олай емес, мен қазақтардың ішіндегі ең кішкентайымын! Халқым менен де биік» деп жауап берген екен.
Қаныш Сәтбаев туралы естелік
Баянауылдағы Қаныш Сәтбаевтың мемориалдық музейіндегі пікірлер кітабында мынадай жазба сақталып тұр: «Қаныш Сәтбаев – халқының ұлы баласы, кемеңгер ғалым, белгілі инженер. Қанекенің өмірлік жолы өз елін жақсы көрудің және ынтамен беріліп қызмет етудің үлгісі болды». Бұл сөздерді Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқан еді.
Баянауылдағы музей қоғамдық бастамамен 1964 жылы ашылды. Сол кездегі политехникалық институт студенті Ғаділбек Шалахметов Алматыдан академиктің туған жеріне оның әйелі Тайсия Алексеевна Сәтбаева табыстаған заттарын, құжаттарын, фотосуреттерін әкелді.
Осылайша экспозиция негізі қаланған болатын. Жергілікті басшылық музейге арнап Мәдениет үйінің бір бөлмесін берді. Жәдігерлер саны уақыт өткен сайын артып, 1967 жылы Қаныш Сәтбаевтың мемориалдық музейі мемлекеттік мекемелер қатарына енді.
Музейдің қазіргі ғимараты 1973 жылы салынды. 1989 жылы академиктің 90 жылдығына орай оған тағы екі қабат қосылды. Музей қорында 3657 экспонат бар, оның 1400-і экспозициялық залға қойылған. Қаныш Сәтбаев соңғы рет туған жері Баянауылда 1959 жылы болған. Ол 1964 жылы Мәскеуде ауруы асқынып қайтыс болды. Ғалым Алматыдағы орталық зиратқа жерленді.