Фото: Мәжіліс
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев заңсыз алкоголь өндірісімен күрес мәселесін көтеріп, бұл қылмысты тоқтатудың маңыздылығын атап өтті. Депутат заңсыз жасалған алкогольдің адам өміріне аса қауіпті екенін айтып, оны дайындап, сатып жүргендердің әрекетін қатаң сынға алды, деп хабарлайды Тodayinfo ақпараттық порталы.
«Суррогат алкоголь — елді қырып жатқан у»
«Бұл – қолдан жасалған, жертөледе дайындалатын алкоголь. Аты – суррогат алкоголь, ал халық арасында оны «самопал» деп атайды. Астананың өзінде мұндай өнім сөрелерде самсап тұр. Біз ішімдіктің акцизін көтеріп, халыққа қолжетімсіз ету арқылы алкогольмен күреспек болсақ, заңсыз өндірушілер керісінше дүкендерді уға толтырып, табысқа кенеліп отыр», – деді депутат.
Сәрсенғалиевтің айтуынша, бұл қылмыскерлер техникалық спиртке метанол қосып, улы ішімдіктер дайындайды. Мұндай алкогольді тұтынғандар ауыр зардап шегіп, кейде ажал құшады. «Салдары – соқырлық, жүйке аурулары, өлімге әкелетін улану», – деп ескертті ол.
Қылмыстық жолмен табылған миллиондар
2025 жылдың қаңтарында Шымкентте заңсыз алкоголь дайындаған жасырын цех анықталған. Үш жыл бойы жұмыс істеген бұл цех иелері 309 миллион теңге табыс тауып, қымбат көлік пен үй сатып алған. Тексеру кезінде цехтан 9 мың литр этил спирті мен 24 мың жалған акциз табылған.
«2021 жылы Шымкентте заңсыз алкогольден 240 адам қайтыс болды. 2020 жылы Қостанай мен Ақмола облыстарында екі күнде 15 адам уланып көз жұмды», – деді депутат.
Заңсыз алкоголь сататын дүкендердің саны көбейген
«Дала қырандары» жастар ұйымының зерттеуі бойынша, тек Астана қаласының өзінде 200 дүкен заңсыз алкоголь сатқан. Күніне 30 литр алкоголь, жылына 2,6 миллиард теңге табыс тапқан.
«1 дүкен айына 900 литр улы ішімдік сатқан. Алайда заң бұзушылар жеңіл жазамен құтылып кетеді. Әкімшілік кодекстің 200-бабы бойынша олар тек 39 мың теңге айыппұл төлейді», – деді Сәрсенғалиев.
Қатаң жаза ұсынды
Нартай Сәрсенғалиев заңсыз алкоголь сататындарды Әкімшілік кодекстің 283-бабы бойынша кәсіпкер ретінде жауапқа тартуды және 600 мың теңге көлемінде айыппұл салып, лицензиясынан айыруды ұсынды.
«Бұл — ұлт саулығы үшін маңызды қадам. БАҚ пен интернет ресурстар қолдан жасалған алкогольдің зияны туралы кеңінен ақпарат таратуы қажет. ІІМ рейдтер санын көбейтіп, жастар ұйымдарын да осы шараға тартқаны жөн. Денсаулық сақтау министрлігі улы ішімдікке уланған азаматтарды ажалдан арашалау тетіктерін қарастыруы керек», – деді депутат.