Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Тегеранның ядролық қаруға тыйым салуды көздейтін кез келген келісімге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Todayinfo.
РИА новости хабарлауынша, ол бұл туралы жексенбі күні елшілермен кездесуінде айтқан
«Біз Иранда ядролық қарудың болмауын қамтамасыз етуге бағытталған кез келген келісімге дайынбыз, өйткені біздің қағидамыз бойынша ядролық қаруға тыйым салынған. Алайда егер келісім Иранды өз ядролық құқықтарынан айыруды көздесе, мұндай мәмілеге, әрине, бармаймыз», – деді Аракчи.
Министр Израильдің Иранмен қандай да бір келісімге келуге қарсы екенін айтып, оның келіссөздер кезіндегі агрессиясын сынға алды.
«Израиль келіссөздерге де, дипломатияға да қарсы. Бұл олардың ниетін айқын көрсетіп отыр» – деді ол.
Аракчидің айтуынша, Иран тек өзін қорғап жатыр және шабуылдар тоқтаса, жауап шараларын да доғарады.
Сондай-ақ, министр АҚШ-тан Израильдің ядролық нысандарға жасаған шабуылдарын ашық айыптауды күтетінін жеткізді. Оның сөзінше, Тегеран Вашингтонның бұл шабуылдарға қатысы жоқ деген мәлімдемесіне сенбейді.
Фото: Meghdad Madadi / Tasnim News / AFP / Getty Images