Иран мен Израиль арасында зымыран және әуе шабуылдары сенбі күні түнде шарықтау шегіне жетті. Израиль жұма күні Ирандағы ядролық және әскери нысандарға ауқымды әуе соққыларын жасап, жоғары лауазымды командирлер мен ғалымдарды өлтіргенін мәлімдеді. Бұл шабуылдар Иранның ядролық бағдарламасына соққы беру мақсатында ұйымдастырылған, деп хабарлайды Todayinfo Reuters-ке сілтеме жасап.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху шабуылдар Иранның ядролық бағдарламасын бірнеше жылға шегергенін айтып, операциялар жалғасатынын жеткізді. Оның сөзінше, Тегеран «әлі талай ауыр соққыны» бастан өткереді.
Иранда 60-тан астам, Израильде 3 адам қаза тапты
Тегерандағы зымыран шабуылы салдарынан 60-тан астам бейбіт тұрғын қаза тауып, тұрғын үй ғимараттары қираған. Израильде де Ираннан атылған шамамен 200 зымыраннан кемі үш адам қаза тапты. Ел аумағында әуе дабылы қосылып, тұрғындар паналау орындарына жасырынды. Израиль Иранның 150-ден астам нысанын атқылағанын мәлімдеді.
Израильдің әскери қолбасшылығы Иранның әуе қорғанысы әлсірегенін айтып, шабуылдарды жалғастыруға дайын екенін білдірді. АҚШ бұл операция барысында Израильге қолдау көрсетіп, ирандық зымырандарды атып түсіруге көмектесті.
Аймақтық тұрақсыздық пен экономика
Иран билігі мұнай саудасына тікелей әсер ететін стратегиялық бағыт Ормуз бұғазын жабу мүмкіндігін қарастыруда. Араб мемлекеттері жағдайдың ушығуынан қауіптеніп, барлық тарапты сабырға шақырды.
Қақтығыс салдарынан мұнай бағасы шамамен 7%-ға өсті. Халықаралық қауымдастық ядролық келіссөздерді жалғастыруға үндеп, жағдайдың бақылаудан шығып кетпеуіне шақырып отыр.
Фото: Reuters