Ішкі істер министрлігі (ІІМ) азаматтарды әлеуметтік желілерде және онлайн-платформаларда алаяқтық әрекеттердің артуы туралы ескертеді, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Жасанды интеллект пен таргеттік жарнаманың қауіптілігі
Таргеттік жарнама – ақпаратты нақты мақсатты аудиторияға жылжыту әдісі. Бұл әдісті қазір алаяқтар да пайдаланып, жалған инвестициялық қорлар мен қаражатты қайтаруға бағытталған фейк қызметтерді ұсынады. Олар танымал тұлғалардың бейнелерін жасанды интеллект арқылы бұрмалап, сенімділікті арттыру үшін қолдануда.
2024 жылы 2,5 мыңнан астам азамат алаяқтардың жалған инвестициялық ұсыныстарына сеніп, қаражатынан айырылған. Кейбіреулер ақшасын қайтару үшін басқа алаяқтардың құрбаны болып, одан да үлкен шығынға ұшыраған.
Мысалы, Қарағанды облысының тұрғыны 40 мың теңге шығынын қайтармақ болып, алаяқтарға 11 млн теңгеден астам қаражатын жоғалтқан.
Алаяқтық жарнамаларды тану тәсілдері
ІІМ алаяқтық жарнамаларды анықтаудың бірнеше белгілерін ұсынады:
- Тез баюға уәде ететін жарнамалар;
- Кері байланыссыз немесе лицензиясыз күмәнді сайттарға сілтемелер;
- Карта, жеке куәлік немесе басқа дербес деректерді талап ету;
- «Мүмкіндікті жіберіп алмау» секілді агрессивті маркетинг әдістері;
- Инвестициялық қор менеджерлерінің тынымсыз қоңыраулары;
- Жарнамадағы танымал тұлғалардың бейнесіне назар аударыңыз: ерін қозғалысы мен дауыстың сәйкессіздігі күмән тудыруы мүмкін.
ІІМ кеңесі
Алаяқтықтың алдын алу үшін тек ресми дереккөздерге сеніңіз, күмәнді ұсыныстарға алданбаңыз және жеке деректеріңізді қорғаңыз.