Алматыдағы Dostyk Plaza сауда орталығы кіреберісіне бетін жауып тұратын киім үлгілеріне қатысты арнайы жапсырма ілінді. Бұл жапсырма әлеуметтік желіде үлкен талқы тудырып, қолданушылардың арасында екі түрлі пікірге себеп болды: кейбіреулер мұны Исламға құрметсіздік деп бағаласа, енді біреулері орталықтың шешімін қолдады, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Dostyk Plaza әкімшілігі түсініктеме беріп, мұндай белгі 2025 жылы қабылданған қоғамдық орындарда бетті толық жабуға тыйым салатын жаңа заңға байланысты қойылғанын айтты.
«Бұл жапсырмалар хиджабқа тыйым салмайды және діни нышандарға еш қатысы жоқ. Шектеу тек адамның беті толық жабылып, жеке басын анықтау мүмкін болмаған жағдайда ғана қолданылады», – делінген хабарламада.
Жапсырмада рұқсат етілген орамал тағу үлгілері жасыл түспен, ал тыйым салынғандары қызыл түспен көрсетілген.