Аса ауыр салмақтағы дзюдошымыз Камила Берліқаш Париж Олимпиадасындағы алғашқы белдесуінде моңғолиялық Адиясурэн Амарсайханнан қосымша уақытта (golden score) жеңіліп қалды.
Отандасымыз төрешіден 3 ескерту алды.
Айта кетейік, Камила Үлкен дулыға турнирінде бір рет финалға шыққан, тағы 2 рет үздік үштікті түйіндеген.
Адиясурэн Ханчжоудағы Азия ойындарында қола медаль жеңіп алған. Биыл Гонконгта өткен Азия чемпионатының финалына шығып, қарсыласқа есе жіберген.
Париж Олимпиадасында жекелей сында 8 дзюдошымыз күресіп, 2 жүлдеге қол жеткізді. Елдос Сметов (60 кг) елімізге алғашқы алтынды сыйласа, Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) үздік үштікті түйіндеді.
Енді Қазақстан құрамасы ертең командалық сайыста жүлдеге таласады.