Канадада Rio Tinto компаниясының алмаз кенішіне жұмысшыларды тасымалдаған үшақ апаты салдарынан алты адам қаза тапты, деп хабарлайды ВВС.
Jetstream шағын ұшағы Дайавик алмаз кенішіне бағыт алып, аспанға көтерілген соң көп ұзамай апатқа ұшырағанын бұған дейін хабарланған.
Қаза болғандардың төртеуі жолаушылар, екеуі – Northwestern Air әуе компаниясының экипаж мүшелері еді, делінген Канаданың Солтүстік-Батыс аумақтары коронері кеңсесінің мәлімдемесінде.
Аман қалған бір адам әуе арқылы ауруханаға жеткізілді. Канаданың СВС қоғамдық телекомпаниясының хабарлауынша, ұшақ Форт-Смит әуежайының ұшып-қону жолағы соңынан шамамен 500 метр қашықтықта құлаған.
Trenton біріккен үйлестіру құтқару орталығынан хабарланғандай, ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай онымен байланыс үзіліп қалған. Әуе апатын Канада корольдік полиция мен Канаданың көліктегі қауіпсіздік кеңесі тергеп жатыр.