Ақтөбе облысында ірі шаруа қожалығында ірі қара мал белгісіз індеттен қырылып жатыр. Қауіпті індет Көптоғай ауылдық округіндегі «Мәтжан» шаруа қожалығында орын алған, деп хабарлайды Todayinfo.
Ветеринарлар оқиға орнына барып, өлген малдан сынама алып, облыстық зертханаға жіберді. Онда сараптама малдың эмкардан өлгенін көрсетті, деп жазды Диапазон басылымы.
«Өлген жануарлардың денелері қорымға жеткізіліп жойылды, қалғандары бақылауда», — деді ветеринария басқармасынан.
«Мәтжан» шаруа қожалығында 243 бас ірі қара, 762 бас ұсақ мал, 7 жылқы бар. 27 ақпанда Көптоғай ауылдық округі әкімінің шешімімен шаруашылықта карантин енгізілді.
Эмкар – эмфизематозды карбункул – жануарлардың дене қызуы көтеріліп, бұлшықеттері ісінетін жұқпалы ауру. Бұл аурудан ірі қара қырылып қалады.