Түркістан облысы әкімінің баспасөз хатшысы Қытай астанасында ресми кездесулерге қатысу кезінде таңданысын жасыра алмады. Облыс әкімімен бірге барған Мира Мүсілім қытайлық миллионерлердің қарапайымдылығына таң қалып, олардың әрекетін түсіне алмаған, деп хабарлайды Todayinfo агенттігі.
Айтуынша, қытайлық олигархтардың байлығы біздегі бір облыстың бюджетімен пара пар болып шыққан.
«Қарапайым адамдарды қатты құрметтеймін. Бүгін шын мықтылардың аспандамайтынына тағы бір көзім жетті. Керемет қой.
Бастығым бастап келген бір топ азаматпен бірге Пекинде “жойқын” кездесулер өтіп жатыр. Кілең мықтылар, кілең “шіріген байлар”… бас-басында кемі 7-8 заводтан бар», — деп жазды ол.
Мемлекетаралық ресми кездесулер өтіп жатыр. Қазақстан тарапы қытайлық кәсіпкерлерді инвестор болуға, оңтүстікте зауыт ашуға шақырған.
«Түрлеріне қарасаң, ондай байлық иесі деп ойламайсың. Әйел адам болған соң, іштей келіншектерінің түрлерін елестетіп те қоямын.
Бизнестерінің бюджеттері біздің бір облыстың жылдық қорымен шамалас. Бірақ бірінен бірі өткен қарапайым. Киімдері де қарапайым, көбісі кроссовкимен жүр. Кішіпейілдіктеріне ішің жылиды. Көп бизнес атадан балаға мирас болып қалған. Сол мұраны сақтап, дамытып, кеңейтіп отырғандарын мақтанышпен әрі құрметпен айтады. Тәрбие мықты-ау. Негізі үйренер дүние көп қой.Шетелдіктерге тамсанып, келесі қалаға жол тарттық. Бір қарасам, біздің топтағы кәсіпкер азамат жүгімді көтеріп алып, поезд жаққа қарай бет алды. Іштей сүйсіндім. Ондай мінез негізі біздің де азаматтарда бар. Тек кейде байқай бермейміз.
Ертеңнен бастап заводтарды аралаймыз», — деп жазды Мира Мүсілім.