Алматыда қажылыққа қатысты алаяқтық жасаған жігіт қамауға алынды. Ондаған адамды сан соқтырып, қылмыс жасады деген күдікпен Алматы облысының тұрғыны ұсталды. Ол өзін туристік фирманың басшысы ретінде таныстырып, қажылыққа жөнелту бойынша қызмет көрсететін жалған келісімшарттар жасаған, деп хабарлайды Todayinfo.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктіге кемінде төрт адам көмектескен. Олардың әрқайсысының әрекетіне құқықтық баға берілетін болады.
«Күдікті қамауға алынды. Полицияға 33 адам ресми арызбен жүгінді. Қылмыстық іс алаяқтық дерегі бойынша тергелуде», — деп хабарлады Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі.
Еске салайық, 20 қаңтар күні Меккеге ұша алмаған ондаған адам пикетке шықты. Елдің әр өңірінен жиналған болашақ қажылар сан соғып қалғанын Алматыға келгенде бірақ білген. Қаражатын алаяқтарға аударғандардың саны 180 адам.