Фото: kz.kursiv.media
Қырғызстандық әнші Қайрат Примбердиев қазақ халқынан Кенесары ханның өліміне бола кешірім сұрағаны үшін ауыр сынға ұшырады, деп хабарлайды Todayinfo агенттігі.
Жуырда «Айран» ютубы каналы Қайрат Примбердиевтен сұхбат алған болатын. Әнші тарихи оқиғаларға қатысты пікір білдіріп, өткенге өкініш білдірген. Ол қырғыз ханы Ормон ханның Кенесары Қасымовтың басын алуға мәжбүр болғанын айтып, қазақ халқынан кешірім сұраған.
«Біздің Ормон хан Кенесары ханды өлтіруге мәжбүр болған. Мен бұл үшін қазақ халқынан кешірім сұрағым келеді. Бұл жағдай үшін шын жүректен кешірім сұраймын. Қазір жылағым келіп тұр, расында. Біз Кенесары ханның басын қайтарып, құран оқып, бұл өкпені лайықты түрде ұмытуымыз керек», — деді ол сұхбат барысында.
Алайда бұл сөздері үшін әнші қырғызстандықтар тарапынан сынның астында қалды. Оны жерлестері ғана емес, ресми билік «Қазақстанның пропагандасына ерді» деп айыптады. Тіптен 24.kg басылымы Қырғызстанның Мәдениет вице-министрі Марат Тағаевтан арнайы пікірде алған. Вице-министр Қайрат Примбердиев «Қазақстанның ықпалына түсіп қалғанын» айтты.
Шенеуніктің пікірінше, қырғыздар өз жерін қорғаған Ормон ханның әрекеті үшін кешірім сұрамауы керек. Жастар тарихын білуі үшін Қырғызстанда өздерінің тарихи фильмдерін түсіру қажет екенін атап өтті.
Қайрат Примбердиев бұл жағдайға қайтадан түсініктеме беріп, сөздерінің контекстен үзіп алынғанын, сұхбатты толық тыңдаса тархи жайттарды түсініп, өзі атынан ғана кешірім сұрағанын айтып ақталды.
«Құрметті жерлестер, мен «Айран» деген каналда қызу талқыланып жатқан сұхбатқа түсіндірме бере кетейін дедім. Ол жерде мен жалпы қырғыз елінің атынан кешірім сұраған жоқпын, мен өз атымнан кешірім сұрадым. Мен бір сағат сұхбат бергем. Олардың форматы қысқартып берген. Мен бұл сөздерді шын жүректен, достық ниетпен айттым. Бірақ кейбір сөздер контекстен үзіліп, бұрыс түсінік болған. Мен сұхбатымда Кенесары хан мен Ормон ханға қатысты тарихи оқиғаларды баяндадым. Бұл жерде мен халықтарымыздың татуласуы үшін кешірім сұрадым», — деді Қайрат Примбердиев.
Ол жақын арада сұхбаттың толық нұсқасы жарияланатынын мәлімдеді.