Перзентханаға босануға барып, құрсағындағы баласымен бірге қайтыс болған әйелдің жақындары әділдік іздеп жүр. Марқұм әйелдің қызы оның өліміне дәрігерлерді айыптап отыр, деп хабарлайды Todayinfo.
Ктк арнасының хабарлауынша, қайғылы жағдай 30 қаңтарда Үржар ауданында болған. Айы-күні жақындап перзентханаға барған 34 жастағы әйел Гүлнар Бейшанова құрсағындағы шақалағымен қайтыс болған. Қара жамылған отбасы төртінші баласын босануға кеткен әйел ешқашан ауырмағанын айтады. Сондықтан олар дәрігерлердің салғырттығынан қайтыс болды деп топшылап отыр. Себебі дәрігерлер оған дәрі егіп, бір тәулік күтеміз деп жатқызып қойған екен.
Марқұм болған әйелдің қызы Аружан Саятбекова бұл істе әділдік талап етті.
«Босану күні жақындап қалған анамды 26 қаңтарда Үржардағы аудандық ауруханаға алып кетті. Бірінші күні укол салдырып, кейін палатаға кеткен. Бірақ біз нақты қандай укол салынғанын білмейміз. 27 қаңтарда таңертеңнен 13:00-ге дейін анамызбен байланыста болдық. Одан кейін байланыса алмадық. Әкем Ұлан Балапанов сағат 12:00-де ауруханаға келген кезде, оны кіргізбей қойған. Артынша 18:00-де келген кезінде де кіргізбей қойды. Әкемнің айтуынша, ол уақытта дәрігерлер асығып-үсігіп, қарбаласып жүрген, бірақ әкеме ештеңе айтпай, үйге қайтуын сұраған. Сағат 21:00-де дәрігерлер анамыз қайтыс болғанын хабарлады»,- дейді Аружан.
Оның сөзінше, дәрігерлер анасының да, әкесінің де рұқсатын алмай, кесарь тілігін жасап жіберген.
«Бұл қайғылы жағдай дәрігерлердің салғырттығынан болды. Дәрігерлер біліксіз деп кесіп айта алмаймын, бірақ солардың кесірінен анам мен бауырымнан айырылып қалдым. Анам небәрі 34-те еді, артынан шырылдап үш баласы қалды. Біз тек әділдікті талап етеміз! Бұған дейін үш әйел қайтыс болған екен. Анамды о дүниеден қайтара алмаймын, бірақ кінәлілер лайық жазасын алса деймін», — дейді марқұмның қызы.