Ұлы Жеңістің 81 жылдығы қарсаңында 5571 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысының ардагері, көрнекті ғалым, академик Зұлқарнай Сейітовтің шаңырағына барып, құрмет көрсетті, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
104 жастағы майдангерге бөлім командирінің атынан алғыс хат пен сый-сияпаттар табысталды. Іс-шара барысында әскери оркестр патриоттық әндер орындап, сарбаздар салтанатты шерумен өтті.

Зұлқарнай Сейітов Ұлы Отан соғысы жылдары Ленинград майданында шайқасып, Сталинградтан Берлинге дейінгі ұрыстарға қатысқан. Ерлігі үшін бірнеше орден-медальдармен марапатталған.
Соғыстан кейін ғылым жолына бет бұрып, биохимия саласында үлкен жетістіктерге жетті. Ол 150-ден астам ғылыми еңбек пен монографияның авторы, биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі.

Тағылымды кездесу жас сарбаздарға отансүйгіштік пен ерліктің мәнін ұғындырып, аға буынға деген құрметті арттыра түсті.





