Todayinfo.kz
Өзгекті жазбаларБарлық жазбаларды қарау

3 жатақхана, 5 лабораториялық ірі нысан және 6 гектар жер жекешеленген: ҚҰАУ экс-ректоры Есполовтың кезінде оқу орны талан-таражға түскен

Фотоколлаж: Todayinfo Алматыда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиын барысында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің активтерін мемлекет меншігіне қайтару мәселесі талқыланды. Іс-шараға Кеңес мүшелері, мемлекеттік

Авторы Айғаным Нариманова··3 мин оқу
3 жатақхана, 5 лабораториялық ірі нысан және 6 гектар жер жекешеленген: ҚҰАУ экс-ректоры Есполовтың кезінде оқу орны талан-таражға түскен
Фотоколлаж: Todayinfo Алматыда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиын барысында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің активтерін мемлекет меншігіне қайтару мәселесі талқыланды. Іс-шараға Кеңес мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері, жоғары оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы, қоғам белсенділері және өңірдегі азаматтар қатысты. Сөз басында Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров әділдікті қалпына келтіріп, сыбайлас жемқорлық әрекетіне қатысы бар азаматтарды жауапқа тарту қажет екенін жеткізді.
«Екі мыңыншы жылдардың басында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде мемлекеттің және осы оқу ордасының меншігі талан-таражға түсті. Атап айтқанда, университеттің 3 жатақханасы, 5 лабораториялық ірі нысаны және 6 гектар жері белгісіз бір себептермен жеке адамдардың қолына өтіп кетті. Мұның артында сыбайлас жемқорлық әрекеті тұрғаны анық. Бүгінде Бас прокуратураның және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері осы мәселемен айналысып жатыр. Әрине, осы жылдар аралығында меншіктер екінші, үшінші, төртінші қолға өтіп кетті. Соған қарамастан, әділдік қалпына келуі керек. Балаларымыздың аузынан жырып алынған барлық ырыздықты қайтаруымыз қажет. Бұған жол берген азаматтар құқықтық жауапкершілікке тартылуға тиіс», – деді Ерлан Саиров.
Өз кезегінде, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сотқа дейінгі тергеу қызметі басшысының орынбасары Қуандық Рашит университет нысандарын жеке қолға беруге қатысты заң бұзушылық фактілеріне тоқталды.
«Агенттік былтырдан бері осы оқу ордасының мүліктерін жеке тұлғаларға сату деректері бойынша тергеу амалдарын жүргізіп келеді. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар жасалуда. Құзыретті органдардың мамандарымен бірге аталған меншіктер жеке тұлғаларға қандай жолмен беріліп, нендей заң бұзушылық жасалғаны тексеріліп жатыр. Осы фактілер бойынша тергеу амалдары қолға алынды. Бұдан басқа да нысандарға қатысты тергеу жүргізілуде», – деді Қуандық Рашит.
Бұл ретте, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті ректорының бірінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимов аталған білім ордасы тергеу амалдарын жүргізуге жан-жақты атсалысып жатқанын жеткізді.
«Өздеріңізге мәлім, елімізде 120-ға жуық жоғары оқу орны бар. Соның ішінде ұлттық дәрежедегі санаулы білім ордасының бірі осы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті. Бұл университеттің 96 жылдық тарихы бар екенін де білесіздер. Ауыл шаруашылығы саласына қажет мамандар даярлайтын бірден-бір білім ордасы да – осы. Аграрлық саладағы білім мен ғылымның көшбасшысымыз. Соған қарамастан, бір кездері университет қабырғасында сыбайлас жемқорлық фактілері орын алды. Құзырлы органдар оның анық-қанығын әлі де зерттеп, зерделеп жатыр. Ал тергеу амалдарын жүргізуге қажет барлық материал университет тарапынан толық қамтамасыз етілді. Ең бастысы, Әділетті Қазақстанда әділетті университет құруымыз керек», – деді Пірімқұл Ибрагимов.
Алматы қаласының басқарма прокуроры Азат Тұрғанбек аталған білім ордасындағы заңсыз әрекеттерді анықтау жұмысына тоқталды.
«Кейінгі екі жылда Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің активтерін мемлекет меншігіне қайтару бағытында қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Яғни, 2023 жылы Бас прокуратураның тапсырмасына сәйкес, Алматы қаласының прокуратурасы осы университетте тексеру жүргізген болатын. Соның нәтижесінде, осы білім ордасына тиесілі жылжымайтын мүліктерді заңсыз иеліктен шығару фактілері анықталды. Біз бұл фактіні арнайы есепке алу кітапшасына тіркедік. Кейін осы іс бойынша ары қарай тексеріс жүргізіліп, процестік шешім қабылдау үшін құжаттар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментіне жолданды. Бүгінде «Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану» бабы бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Тиісінше, осы істің бүге-шігесі анықталып, нақты тәртіптік шешім қабылданады», – деді Азат Тұрғанбек.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті «Агрономия, селекция, биотехнология» кафедрасының профессоры Тастанбек Атақұлов бір кездері аталған білім ордасында орын алған заңсыздықтарды айтты. Жиынды қорытындылай келе, Кеңес төрағасы Ерлан Саиров бір кездері білім ордасына тиесілі болған жылжымайтын мүліктерді міндетті түрде қайтару қажет екенін жеткізді. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын таба береді.  

Ұқсас материалдар

3 жатақхана, 5 лабораториялық ірі нысан және 6 гектар жер жекешеленген: ҚҰАУ экс-ректоры Есполовтың кезінде оқу орны талан-таражға түскен · Todayinfo