Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Ресейдегі өндірістік нысандардың бірінде болған жаппай жанжалға қатысты жағдайды бақылауға алғанын мәлімдеді. Қазақстан СІМ бірінші орынбасары Ержан Ашықбаевтың сөзінше, төбелеске кінәлілер жазаланады. Қазір жанжал аймағындағы жағдай тұрақталған, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпараттық порталы.
Министрлік мәліметінше, жанжал болған нысанда қазіргі уақытта 4 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді. Соған қарамастан, оқиға ауыр салдарға әкелмеген.
Ресми ақпарат бойынша, жанжалдың саяси немесе ұлтаралық себептері жоқ, ол тұрмыстық жанжал болған және қазір жағдай толық тұрақталған.
«Оларға қазір ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Бұл таза тұрмыстық жанжал. Кінәлі адамдар анықталып жатыр, жұмыс жалғасып жатыр», – деді Ержан Ашықбаев.СІМ дерегінше, қазақстандық жұмысшылар арасында ауыр жарақат алған немесе медициналық көмек қажет ететін адамдар жоқ. Қазіргі уақытта өндіріс орны қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, қазақстандық жұмысшылар жұмысты тоқтатпаған.




