Абай облысында жеңілдетілген несиеге қатысты ірі алаяқтық әрекеті әшкереленді. «Ықыбай» шаруа қожалығының басшысы жалған құжаттар арқылы мемлекеттен 211 миллион теңге алып, оны жеке мақсаттарына жұмсап жіберген, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Қаржылық мониторинг агенттігінің тергеуіне сәйкес, кәсіпкер мал шаруашылығын дамыту мақсатында жалпы сомасы 250 миллион теңгеден асатын екі жеңілдетілген несие рәсімдеген. Алайда, бұл қаражатқа мал сатып алудың орнына, оны толығымен жеке қажеттіліктеріне жаратқан.
Несиені алу үшін ол кепілге қоятын мүлкі мен мал басының бар екені туралы жалған мәліметтер ұсынған. Осы заңсыз әрекеттердің салдарынан мемлекетке 211 миллион теңге көлемінде залал келтірілді.
Қазіргі уақытта күдікті келтірілген шығынның барлығын толық өтеген. Ол ешқайда шықпау туралы қолхатпен босатылып, іс материалдары сотқа жолданды.
Фото: Әлеуметтік желіден




