«Әділет» Партиясының Төрағасы Айбек Дәдебай Іскерлік кеңес құрылғанын көлік-логистика саласының өкілдерімен өткен кездесуде мәлімдеді. Іс-шараға орталық мемлекеттік органдардың, ірі компаниялар мен салалық бірлестіктердің басшылары қатысты.
Кездесуде Мемлекет басшысы еліміздің экономикалық өсімінің негізгі бағыттарының бірі ретінде айқындаған көлік-логистика саласын дамыту мәселелері қаралды.
Айбек Дәдебайдың айтуынша, қуатты бизнес пен мемлекет, кәсіпкерлер және сарапшылар қоғамдастығы ұдайы өзара ықпалдасып отырмайынша, экономика тұрақты дамымайды. Сондықтан «Әділет» партиясының Іскерлік кеңесі диалог құруға және ортақ шешімдер әзірлеуге арналған тұрақты алаңға айналады.

«Біз үшін бизнес – тұтас экономиканың қозғаушы күші. Кәсіпкерлер тәуекелге барып, жаңа іс бастайды, өндіріс ашады, елді алға бастайды. Әрбір кәсіпорын – бұл жаңа жұмыс орындары, отбасылардың табысы, бюджетке түсетін салық деген сөз. Ал сол салықтың есебінен мектеп те, аурухана да, жол да салынады. Осылайша, тұтас өңірлердің тұрақтылығы қалыптаспақ», - деді ол.
Бүгінде Қазақстан Еуразиядағы ең ірі көлік-транзиттік хабтардың бірі ретіндегі позициясын нығайтып келеді. Былтырғы қорытынды бойынша сала 20,4%-ға өсіп, оның ЖІӨ-дегі үлесі 6,1%-ға жетті, ал транзиттік тасымал көлемі 39 млн тоннадан асты.
Партия Төрағасының айтуынша, көлік пен логистика – экономикалық өсімнің жаңа табыс көзі. Ал транзит жеке табысы, экономикаға қосатын үлесі және жұмыс орындары бар дербес экономикалық салаға айналып келеді.
«Транзит енді тек жолдар, теміржолдар мен терминалдар мәселесі ғана емес. Ол өз табысы, жұмыс орындары, экономикалық өсімге қосатын үлесі бар дербес экономика саласына айналып келеді. Біз үшін бұл тек жүк тасымалданатын бағыт емес. Бұл – өз өндірісімізді дамыту, экспорт көлемін арттыру және еліміздің барлық өңірінде жаңа табыс көздерін құру мүмкіндігі», - деді Айбек Дәдебай.
«Қазақстан Автокөлікшілер Одағы» ЗТБ атқарушы директоры Мұрат Амрин көлік саласы партиямен тұрақты диалог орнатуға және заңнамалық бастамаларды бірлесіп әзірлеуге мүдделі екенін атап өтті.
«Көлік бизнесі «Әділет» партиясының бағытын қолдайды, себебі ол әділдік, ашық диалог және бүгінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі кәсіпкерлерді толғандырған мәселелерді іс жүзінде шешу қағидаттарына негізделіп отыр. Дәл осындай тәсіл экономиканың белсенді қатысушыларын партия төңірегіне топтастыруға және салаларды дамытуға бағытталған нақты ұсыныстар қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деді Мұрат Амрин.
Кездесуге қатысушылар теміржол тарифтерін қалыптастыру, инвестиция тарту, халықаралық автомобиль тасымалдарын, жүк авиациясын дамыту және саланы одан әрі цифрландыру мәселелерін талқылады. Мемлекет пен бизнес арасындағы өзара ықпалдастық моделіне ерекше назар аударылды.
«Солай бола тұра, бизнес дегеніміз тек кәсіпорындар ғана емес, ең алдымен сол кәсіпорындарда еңбек ететін адамдар. Сондықтан біз үшін еңбек ұжымдары, мамандар мен инженерлік кадрлар тап болатын мәселелерді көру маңызды. Міндеттер түсінікті болуы керек: мемлекет базалық инфрақұрылымды дамытып, ереже белгілейді, ал бизнес инвестиция салады, қызмет көрсетеді және жүк ағыны үшін бәсекеге түседі», - деп түйіндеді партия төрағасы.
Іскерлік кеңес тұрақты жұмыс істеуі үшін экономиканың әртүрлі саласын қамтитын жеті тең төраға айқындалды. Олардың қатарына Qarmet және Allur Group жетекшісі Андрей Лаврентьев, «Қазақтелеком» АҚ көлікбасқарма төрағасы Бағдат Мусин, кәсіпкер Геннадий Зенченко, Қазақстан инвесторлар одағының басқарма төрағасы Рустам Жүрсінов, Қазақстандық салық кеңесшілері қауымдастығының мүшесі Айжан Балакешова, Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының вице-президенті Инна Апенко, сондай-ақ ERG менеджерлер кеңесінің мүшесі және Integra Construction KZ бақылау кеңесінің төрағасы Шахмұрат Мүтәліп енді.
Кездесу қорытындысы бойынша Айбек Дәдебай Іскерлік кеңес тұрақты жұмыс істейтін алаңға айналатынын атап өтті. Онда кәсіпкерлікті, экономиканың түрлі саласын дамыту және мемлекет пен бизнес арасындағы өзара ықпалдастықты жетілдіру жөніндегі бастамалар әзірленеді.
Партияның қызметі туралы қосымша жаңалықтарды ресми Telegram-арнамыздан оқи аласыздар: https://t.me/adilet_partiyasy




