Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

Әлем чемпиондары Түркістанда: 15 млн теңге үшін ең мықтылар таласып жатыр

Түркістанда 1000-нан астам жас таланттың қатысуымен шахматтан Қазақстан чемпионаты басталды. Жүлде қоры 15 млн теңге. Жеңімпаздар әлем чемпионатына барады.

Авторы Мұхтар Жексенбай··1 мин оқу
Әлем чемпиондары Түркістанда: 15 млн теңге үшін ең мықтылар таласып жатыр

Түркістанда 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасында шахматтан Қазақстан чемпионаты басталды. Он күнге созылатын додада 1052 жас спортшы классика, рапид және блиц бойынша елдің ең мықтыларын анықтайды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Жарыстың нәтижесі бойынша 2026 жылы өтетін басты әлемдік турнирлерге қатысатын ұлттық құраманың құрамы жасақталады.

KazChess президенті Тимур Турлов Түркістанның еліміздің шахмат орталығына айналып келе жатқанын атап өтті.

"Жақында мұнда Түркі шахмат қауымдастығының штаб-пәтері орналасады. Бұл чемпионат — 2026 жылғы әлемдік турнирлерге қатысатын құраманы жасақтаудағы шешуші кезең. 2025 жылы жас шахматшыларымыз халықаралық жарыстарда 122 медаль алып, рекорд орнатты. Ендігі мақсат – осы көшбасшылықты сақтап қалу", - деді ол.

Былтыр қазақстандық шахматшылар Әлем, Азия және Батыс Азия чемпионаттарында 52 алтын, 32 күміс және 38 қола медаль жеңіп алған еді. Сондықтан биылғы чемпионатта бәсеке өте жоғары, тақта басында көптеген әлем және Азия чемпиондары қайта кездеседі.

Турнирдің жалпы жүлде қоры — 15 120 000 теңге. Жарыс швейцариялық жүйе бойынша 9 турдан тұрады: 20-27 қаңтар аралығында классикалық шахмат, 28-29 қаңтарда рапид, ал 30 қаңтарда блиц ойындары өтеді.

Айта кетерлігі, ересектер деңгейінде өнер көрсетіп жүрген бірқатар жетекші жасөспірімдер, соның ішінде WFM Аланна Берікқызы, FM Данис Қуандықұлы, IM Марк Смирнов және GM Эдгар Мамедов сияқты мықтылар классикалық бөлімге қатыспайды. Дегенмен, олардың кейбірі рапид пен блицте ойнауы мүмкін.

Классикалық шахматта жеңімпаз атанғандар Қазақстан атынан Батумиде өтетін Әлем кубогы мен Әлем чемпионатына, сондай-ақ Италиядағы жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігіне жолдама алады. Күміс жүлдегерлер Азия біріншілігіне қатысады.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас материалдар

Әлем чемпиондары Түркістанда: 15 млн теңге үшін ең мықтылар таласып жатыр · Todayinfo