Алматы қаласының әкімдігі мегаполистің алдағы үш жылға арналған бюджетін бекітіп қана қоймай, спорт сүйер қауым үшін маңызды жаңалықпен бөлісті. Қалада бой көтеретін жаңа стадион бастапқы жоспардан әлдеқайда ауқымды болмақ, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында шаһар басшысы Дархан Сатыбалды алдағы жоспарларды таныстырды. Әкімнің айтуынша, Президент тапсырмасына сәйкес салынатын жаңа арена халықаралық стандарттарға толық жауап беруі тиіс.
Үлкен футболға – үлкен арена
Бастапқыда жаңа спорт кешені 35 мың жанкүйерге арналады деп жоспарланған еді. Алайда, қала халқының өсуі мен мегаполистің туристік әлеуетін ескере отырып, бұл көрсеткіш қайта қаралуда.
"Қазір стадионның сыйымдылығын 35 мың орыннан 45 мыңға дейін көбейту мәселесі пысықталып жатыр. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз", - деді қала әкімі Дархан Сатыбалды.
Егер жоба мақұлданса, бұл арена UEFA-ның ең жоғары 4-санатына сай келіп, Еуропалық деңгейдегі ірі матчтарды қабылдауға мүмкіндік алады.
Триллиондар қайда жұмсалады?
Жиында тек спорт емес, қала қазынасының мәселесі де қозғалды. 2026 жылға арналған жергілікті бюджет 2,8 трлн теңге көлемінде бекітілді.
Бұл қыруар қаржының негізгі бөлігі әлеуметтік салаға және қаланың күре тамыры – жол инфрақұрылымын дамытуға бағытталмақ. Сонымен қатар, экономикалық дамуды ынталандыру үшін 50 млрд теңге бөлу қарастырылған.
Алматы билігінің бұл қадамы мегаполисті тек қаржы орталығы емес, спорттық хабқа айналдыруға деген ұмтылысын көрсетеді.




