Алматы облысында 14 жастағы Әлихан есімді жасөспірімнің өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Марқұмның туыстары оның қазасына қатарластары себеп болғанына сенімді, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Әлиханның әкесі Данияр Нұрғалиев ұлының неліктен 11-сынып оқушысымен жанжалға түскенін түсіне алмайды. Оның сөзінше, оқиғаға байланысты күдікті жасөспірім қазір қамауға алынған.
Оқиға болған күні көшедегі бейнебақылау камераларынан түсірілген кадрларда Әлиханның өзімен шамалас балалармен амандасып, қалыпты жағдайда тұрғаны көрінеді. Ал дәл осы кездесуден кейін 14 жастағы баланың ес-түссіз жатқан денесі табылған.
«Ұлым тоғыз жарымдарда үйге келемін деген. Кешіккен соң хабарластық. Телефонды бейтаныс әйел көтеріп, “Балаңыз біздің аулада есінен танып жатыр” деді. Баламды бірден балалар ауруханасына апарып, реанимацияға жатқызды. 17 күн жатып, сол күні көз жұмды. Біз баламыздың өздігінен құлағанына сенбейміз», – дейді марқұмның әкесі.
Әкесінің айтуына қарағанда, бірнеше жас Әлиханды әдейі адам қарасы аз, бейнебақылау камерасы жоқ жерде соққыға жыққан. Оқиға орнына жақындағанда ата-анасы жердегі қан ізін көрген, алайда балалар оны жуып тастауға тырысқан көрінеді. Олар бастапқыда «Әлихан абайсызда құлап қалды» деп түсіндірген.
Бастапқыда жақындары да сол нұсқаға сенуге тырысқан. Бірақ арада бір күн өткенде Әлиханның бет-әлпеті ісіп, көгере бастаған. Дәрігерлер де денесінен соққы белгілерін анықтағанын айтқан.
Жақындарының сөзінше, полицейлерге шағым жазуға барған сәтте күдікті жасөспірімнің анасы келіп, ұлының «әбес қылық танытқанын айтып кешірім сұраған» және істі өзара шешуді ұсынған.
Алайда қазір іс ресми түрде тергеліп жатыр.
Алматы облыстық ПД ақпаратынша, оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Талғар ауданында кәмелетке толмаған баланың өліміне әкеп соққан дене жарақаттары дерегі бойынша іс тіркелді. Күдікті жасөспірім оқиға ізінше ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады ПД бөлім басшысы Ернар Сайділдин.
Марқұмның әкесі істі бұрмалау қаупінен алаңдайтынын жасырмайды. Оның айтуынша, кей тараптар оқиғаның шынайы бейнесін өзгертіп, кінәні Әлиханның өзіне аударуға тырысуда.




