Алматы облысы мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі. Бұл келісім Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы аясында іске асырылуда.
Жоба бойынша өңірдегі кітапханалар, мәдениет және білім беру ұйымдары арқылы бірлескен жобалар мен іс-шараларды ұйымдастыру, жастардың интеллектуалдық және рухани дамуына ықпал ететін бастамаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. «Кітап оқитын ұлт» қоры былтыр шілде айында құрылып, Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында алғашқы жобаларын іске асырды. Нәтижесінде 190 мыңға жуық адам кітап оқу дағдысын қалыптастырған. Биыл олардың санын 1,5-2 млн-ға арттыру көзделуде. Ал Алматы облысында 100 мыңнан аса адамды қамту жоспарланған.
Шараға қатысқан облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениеті мен кітапхана ісін дамыту мәселесіне ерекше мән беріп отырғанын атап өтті. Аймақ басшысының айтуынша, бүгінде облыста 145 кітапхана жұмыс істейді. Олар 71 мыңнан астам оқырманға қызмет көрсетуде. Жалпы кітап қоры 2,7 млн-нан асады. Кітапханалар жанында коворкинг орталықтары, клубтар мен үйірмелер жұмыс істеп, жастардың шығармашылық және зияткерлік дамуына жағдай жасалуда.
«Биыл Ұйғыр аудандық кітапханасы, Қарасай ауданындағы Жандосов ауылдық кітапханасы және Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек ауылдық кітапханасы жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Алдағы уақытта тағы екі кітапхананы жаңарту жоспарланған. 2023 жылдан бастап барлық аудандық кітапханалар САБ ИРБИС-64+ бағдарламасына көшірілді. Бүгінгі таңда электрондық каталогқа және электрондық кітапхана қорына 1,9 млн-нан астам библиографиялық жазба енгізілді. Сондай-ақ KazNEB платформасына 1 943 кітаптың цифрлық нұсқасы жолданды. Облыс бойынша қоғамдық орындарға 786 KazNEB QR-коды орналастырылып, 82 мыңнан астам электрондық кітапты пайдалану мүмкіндігі жасалды», – деді Марат Елеусізұлы.
Жиын барысында аталған қоғамдық қордың төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков жобаның мақсаты мен атқарылған жұмыстары жайлы баяндады. «Кітапхана кітап сақтайтын орын емес, бұл – адамдар білім алып, таным-түсінігін тереңдететін рухани орда. Осы мақсатта жүзеге асырылып жатқан жоба аясында кітапханаларға оқырмандарды тарту және кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Біздің басты мақсаттарымыздың бірі – кітапханаларды оқырманға толтыру. Жұмыс барысында халықтың кітап оқуға ықыласы жоғары екенін байқадық. Әуелде әр аймақтан 25-30 мың адам қатысады деп ойлағанбыз. Бірақ нәтиже біз ойлағаннан да жақсы болды. Жобаға 190 мыңға жуық адам қатысса, оның 104 мыңнан астамы ұсынылған 15 кітапты толық оқып бітірген. Бұл тест нәтижесінде белгілі болды. Біз 7 бағыт бойынша жұмыс істейміз. Соған сәйкес мектеп оқушыларын, колледж бен университет студенттерін, сондай-ақ педагогтерді, жеке әулеттерді, мемлекеттік қызметшілер мен спортшыларды кітап оқуға баулимыз. Мәселен, мектеп оқушылары жас ерекшеліктеріне қарай 5 топқа бөлінген. Әр топқа оқуы тиіс 15 кітаптан ұсынылған. Дәл осылай орыс сыныптарына да бөлек тізім жасалған. Оның ішінде бесеуі қазақстандық авторлардың шығармалары, бесеуі Батыс, ал қалған бесеуі Шығыс авторларының кітаптары. Бұл сыни ойлауды қалыптастыруда өте маңызды. Яғни мектеп оқушыларына арналған бағыттың өзінде ғана 150 кітаптың тізімі бекітілген», – дейді Бақытжан Тұрлыбеков.




