Todayinfo.kz
СаясатБарлық жазбаларды қарау

Алматыда мемлекеттік қызмет жаңғырады: Дархан Жазықбай реформаларды таныстырды

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Алматыда жаңа заң аясындағы реформалар мен жастарға арналған мүмкіндіктерді таныстырды.

Авторы Todayinfo редакциясы··3 мин оқу
Алматыда мемлекеттік қызмет жаңғырады: Дархан Жазықбай реформаларды таныстырды

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Алматыға жұмыс сапарымен келіп, мемлекеттік қызметті жаңғыртуға бағытталған жаңа заңның негізгі ережелерін таныстырды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

5 маусымда өткен кездесуде Агенттік төрағасы қала активімен бас қосып, мемлекеттік қызмет жүйесін одан әрі жаңғыртуға, сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға бағытталған жаңа заңның маңыздылығын атап өтті. Ол Мемлекет басшысының «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидатты барлық деңгейдегі шенеуніктер мен басшылар берік ұстануы тиіс деген сөзіне тоқталды. Мемлекеттік қызметшілер жаңа Конституцияда көзделген Әділетті Қазақстан идеясы мен Заң мен Тәртіп қағидатын басшылыққа алуы керектігін айтты.

Дархан Жазықбай мемлекеттік қызметтің миссиясын бекіту, азаматтармен өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшу, мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру және кадрлық процестерді цифрландыруды көздейтін жаңа заңға кеңінен тоқталды.

Заң аясында мансаптық және позициялық модельдердің артықшылықтарын біріктіретін мемлекеттік қызметтің гибридті моделі қалыптастырылды. Енді үміткерлерді іріктеу кезінде олардың мемлекеттік қызметтегі, квазимемлекеттік сектордағы және жеке сектордағы таңдаған лауазымының функционалдық бағытына сәйкес келетін жиынтық еңбек өтілі ескерілетін болады, — деді Дархан Жазықбай.

Заңда мемлекеттік қызметшілердің адалдығы мен әдептілігінің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған мінсіз бедел институтын енгізу көзделген. Жас әрі талантты мамандарды тарту мақсатында мемлекеттік қызметке кіруге даярлау институтын енгізу қарастырылған.

Мемлекеттік қызметке іріктеу толықтай цифрлық форматқа көшіріліп, конкурс рәсімдері «Е-қызмет» жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар «Б» корпусының қызметшілері үшін көлденең ілгерілету тетігі енгізіледі.

Кездесуде мемлекеттік қызмет саласын цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да айтылды. Цифрлық іріктеу жүйесінің енгізілуі конкурс рәсімдерінің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз еткені атап өтілді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің жасанды интеллект саласындағы құзыреттерін арттыруға бағытталған «AI Qyzmet» бағдарламасы аясында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде аталған бағдарлама бойынша республика көлемінде 60 мыңға жуық мемлекеттік қызметші оқытудан өткен, оның ішінде Алматы қаласынан 2 700-ден астам қызметші қамтылды.

Кездесуде сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру мәселесі де қамтылды. Былтыр «Қоғамдық пікір» институты халық арасындағы сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейін анықтаған. Нәтижесінде азаматтардың 69%-ы сыбайлас жемқорлықпен күреске өзі қатысуға дайын екенін білдірген. Бұл – қоғамдағы жауапкершіліктің артып, азаматтық ұстанымның күшейіп келе жатқанын көрсетеді.

Жұмыс сапары барысында Агенттік төрағасы Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде өңірлік жастармен кездесіп, оларға мемлекет тарапынан ұсынылып отырған мүмкіндіктер туралы ақпарат берді. Мемлекеттік қызметке кіру тәртібін жеңілдету мақсатында жоғары оқу орнын үздік аяқтаған (GPA 3,33-тен жоғары) түлектерге аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурссыз орналасу мүмкіндігі қарастырылған. Бүгінгі таңда осы мүмкіндік арқылы республика бойынша 860 жас түлек мемлекеттік қызметтің түрлі лауазымдарына конкурссыз қабылданған. Оның ішінде аталған оқу орнының 4 түлегі бар.

Бұдан бөлек, білікті жастарды мемлекеттік қызметке тартуға бағытталған Президенттік жастар кадр резервінің артықшылықтары түсіндірілді. 2019 жылдан бастау алған бұл жобаға 450 жас іріктеліп алынды. Сондай-ақ 2024 жылы еліміздің барлық өңірінде алғаш рет Өңірлік жастар кадр резервіне іріктеу жүргізілді. Нәтижесінде 546 жас резерв құрамына енгізілсе, оның 41-і Алматы қаласының өкілдері. Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің 13 түлегі Президенттік жастар кадр резервіне және 17 түлегі өңірлік резервке енген.

Ұқсас материалдар