Алматыда 12 жастағы бала пышақ жарақатынан қаза тапты. Оқиғаға қатысты күдікті ретінде 13 жастағы жасөспірім ұсталды.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы жағдай 10 маусым күні Түрксіб ауданында болған. Алдын ала дерек бойынша, кәмелетке толмағандар арасындағы жанжал кезінде жасөспірім пышақ жарақаттарын алған.
Зардап шеккен бала алған жарақатынан оқиға орнында немесе медициналық көмек көрсету барысында көз жұмған.
Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 13 жастағы Алматы тұрғыны ұсталып, арнайы мекемеге орналастырылды. Ол бұған дейін марқұммен таныс болғаны анықталды.
Аталған дерек бойынша адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде.
Сонымен қатар, тергеу қорытындысына сәйкес күдіктінің ата-анасының бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісінше орындамағаны жөнінде құқықтық баға берілетіні хабарланды.




