Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

Ақмола мен Қараөткел тарихы: елорда өткенінің терең тамырлары

Фото авторы: Ерлан Сәкенов Блогер әрі саяхатшы Амандық Әмірхамзин желідегі парақшасында қазіргі Астана тұрған өңірдің тарихы — қазақ даласындағы ең көне мәдени ошақтардың бірі көрініс табатын суреттер жариялап, Ақмола, бұрынғы Қараөткел аумағы, адамзат қонысы, сауда жолдары мен с

Авторы Мейіржан Әуелханұлы··3 мин оқу
Ақмола мен Қараөткел тарихы: елорда өткенінің терең тамырлары

Фото авторы: Ерлан Сәкенов

Блогер әрі саяхатшы Амандық Әмірхамзин желідегі парақшасында қазіргі Астана тұрған өңірдің тарихы — қазақ даласындағы ең көне мәдени ошақтардың бірі көрініс табатын суреттер жариялап, Ақмола, бұрынғы Қараөткел аумағы, адамзат қонысы, сауда жолдары мен саяси оқиғалардың орталығы болғанын археологиялық және тарихи деректер келтірілген жазба жариялады, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат порталы. 

Қола дәуірінен жалғасқан тіршілік

Астана іргесіндегі жерлерден қола дәуірі, ерте темір ғасыры және орта ғасырларға жататын артефактілер табылған. Бұл өңірдің ежелден-ақ стратегиялық маңызы бар болғанын көрсетеді.
2001 және 2005 жылдары Күйгенжар қорымдары анықталып, сол дәуірлердегі жерлеу орындарының ізі табылды.

Профессор Жамбыл Артықбаевтың пікірінше, Ақмола маңында қазақ хандарының жазғы ордалары орналасқан.

Бозоқ қалашығы — Астананың көне өзегі

Қала аумағы кеңейген соң, Астанадан 11 шақырым жердегі Бозоқ қалашығы ерекше зерттеле бастады. Қазіргі таңда мұнда ашық аспан астындағы музейдің құрылысы аяқталуға жақын.

Бозоқ:

  • VII–VIII ғасырларда қоныстанған,

  • кейін белгісіз себеппен бос қалған,

  • X–XI ғасырларда қайта жанданып,

  • XII–XIV ғасырларда өмір қайта жалғасқан орын.

Археологиялық деректер мұнда мал шаруашылығымен қатар, егіншілік те дамығанын, арық жүйелерінің болғанын дәлелдейді.

Ашаршылық жылдарындағы қазақ ауылдары

Қазіргі Талдыкөл маңында орналасқан қазақ ауылдары Ашаршылық жылдары қалың қамыс ішінде құс атып, күнкөрісін тапқан. Бұл өңірде тіршіліктің ешқашан тоқтамағанын көрсетеді.

Қараөткел қорымы — ел тарихының үнсіз куәсі

Астана ішінде орналасқан ең көне қорым — Қараөткел қорымы, мұнда жерленгендер арасындағы ең ерте деректер 1609 жылға тиесілі.

Бұл қорымға:

  • Кенесары–Наурызбай көтерілісіне қатысқан 300-ге жуық сарбаз,

  • Қазақ ханы Сәмеке,

  • белгілі кәсіпкер Баймұхамбет Қосшығұлов,

  • Балуан Шолақтың сүйіктісі Ғалия

сияқты тарихи тұлғалар жерленген.

Неліктен Ақмола мен Қараөткел қатар аталады?

1822 жылғы «Сібір қазақтарын басқару туралы жарғыдан» кейін Ресей империясы қазақ даласында отарлау саясатын үдетті. Бекіністер көбейіп, шептер алға жылжыды.

Алғашқы Ақмола бекінісі Нияз би кесенесі маңында салына бастаса да, жыл сайынғы тасқын судан кейін Қараөткелге көшірілді. Қараөткел — болашақ қаланың оң және сол жағалауын жалғаған табиғи өткел болатын.

Ақмола бекінісі қазіргі Желтоқсан көшесі мен Қажымұқан Мұңайтпасов стадионы арасындағы аумақта орналасқан.

Кенесары шапқыншылығы және қаланың кейінгі тағдыры

1830 жылы басталған бекініс құрылысы 1836 жылы Кенесары–Наурызбай қолы шабуыл жасағанда өртеліп кетті.

Уақыт өте келе патша билігі өңірде сауда-экономикалық орталық қалыптастыруға тырысып, Ақмолада бір емес, екі жәрмеңке жұмыс істеді. Қаланың қазақ тұрғындары қымызханалар ашып, нан базарлары да дамыды.

Бұл өңірде қазақ өнерпаздары — Балуан Шолақ, Иманжүсіп, Қажымұқан өнер көрсетіп, жәрмеңкелердің көркін қыздырған.

Автор Амандық Әмірхамзин бұл әңгімесін:
«Әзірге әңгімені осымен тоқтатайық, келесі тақырып — Ақмоладағы театр тарихы болады. Ал шаһар туралы тереңірек білгіңіз келсе, менің экскурсияма қосылыңыз»
— деп аяқтайды.

Материалға тіркелген суретте — Астана шаһарының ескі бөлігі.

Ұқсас материалдар

Ақмола мен Қараөткел тарихы: елорда өткенінің терең тамырлары · Todayinfo