Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің бастамасымен және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен 2025 жылдан бастап өңірдің ғылыми әлеуетін дамытуға бағытталған «Ғылымға қадам» жобасы жүзеге асырылып келеді.
«Ғылымға қадам 1.0» жобасының негізгі мақсаты – ғылыми ортадан белгілі бір себептермен алшақтаған, алайда ғылыми қызметке қайта оралып, алдағы уақытта докторантурада білім алуды жоспарлап жүрген әйелдердің ғылыми-зерттеу құзыреттерін дамыту және ғылыми қауымдастыққа қайта бейімделуіне қолдау көрсету болатын.

Жобаның алғашқы кезеңінде 20 қатысушы іріктеліп, жүйелі ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетілді. Нәтижесінде жоба қатысушыларының 2-еуі докторантураға оқуға түссе, 4 қатысушы өздерінің инновациялық ғылыми жобаларын әзірлеп, патент алды. Сонымен қатар, қатысушылардың бірқатары республикалық және халықаралық ғылыми конференцияларға қатысуға шақырту алып, ғылыми белсенділіктерін арттырды.
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мен Мұғалжар аудандық білім бөлімі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында «Ғылымға қадам 2.0» жобасы бастау алды. Жобаның мақсаты «магистр дәрежесі бар мектеп педагогтерінің ғылыми-зерттеу құзыреттілігін дамыту, ғылыми жоба мен мақала жазу дағдыларын қалыптастыру және өңірдегі мектеп ғылымының сапасын арттыруға ықпал етуге» бейімделді. Ауданның 30-ға жуық педагогы бір ай бойы жоба аясында ғылыми-зерттеу жұмыстарының негіздерін меңгеріп, ғылыми жобалар әзірлеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізді.

Қатысушыларға университет оқытушылары ғылыми зерттеудің теориялық және практикалық негіздері бойынша дәрістер оқып, зерттеу тақырыбын таңдау, зерттеу мәселесін айқындау, ғылыми әдебиеттермен жұмыс жасау, зерттеу әдістерін анықтау және деректерді жинау мен өңдеу тәсілдері жөнінде шеберлік сағаттарын өткізді. Сонымен қатар ғылыми зерттеу нәтижелерін талдау, қорытынды жасау, ғылыми мақалалар мен жобаларды рәсімдеу талаптары бойынша әдістемелік нұсқаулықтар берілді.
Жоба педагогтар тарапынан жоғары бағаланып, облыстың өзге де аудандары тарапынан сұранысқа ие болды.
Жоба авторы – Карабасова Лаура Чапаевна, Қ. Жұбанов атындағы АӨУ Басқарма төрағасы-ректоры.




