Ол әкенің қыз өміріндегі ерекше орнын сипаттай келе, қиын сәттерде әке қолдауының жетіспеуі үлкен психологиялық күйзеліске әкелетінін жасырмайды. Әкесін тірегі, қорғаны, асқар тауы ретінде қабылдайтынын ашық айтады. Қыз бала әкесінің бала кезінен көрсеткен мейірімі мен жылы сөздері өмір бойы есінде сақталып қалғанын жаза отырып, қазіргі өмірде барлық адамнан сондай мейірімділік күтетінін мойындайды. Алайда бұл үміттің бәрі ақтала бермейтінін де ашық білдіреді.«Сағыныш деген жүрекке тиер қатты сезім ғой. Тек жүрекке емес, барлық жан дүниең алай-дүлей болып, барлығы қысылып, өмірдің мәнін ойлайтындай күйге жеткізер үлкен сезім толқыны», – деп жазады ол.
Әкесін өзінің өмірлік үлгісі ретінде көретін қыз баласы оның адалдығын, адамгершілігін, иманын жоғалтпағанын мақтанышпен айтады. Өзінің де дәл сондай тұлға болуға ұмтылатынын жазба арқылы жеткізеді. Жазба соңында ол әкесін қатты сағынғанын, дәл қазір оның құшағы мен жылы сөздері ауадай қажет екенін әсерлі жеткізеді. Бұл жолдар әрбір оқырманның жүрегін тебірентпей қоймайды.«Барлық адам ондай емес. Өзімнің қаншалықты ақкөңіл екенімді түсіндім. Жылы қарасаң да, артыңнан ғайбат айтатындар табылады екен», – дейді ол.
«Әкешім, мен сені сағындым, тезірек қасыма оралшы, сен маған өте керексің. Мен сені өмірімнен де артық жақсы көремін!» – деп аяқтайды ол.




