Астанадағы «Жетісу» саябағында елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған «Отбасы Time» отбасылық фестивалі өтіп жатыр.

Фестиваль Астана күніне арналған мерекелік мәдени бағдарлама аясында ұйымдастырылып, қоғамдық кеңістіктерде отбасылық демалыс мәдениетін дамытуға, балалар мен жастардың шығармашылық белсенділігін қолдауға және тұрғындардың бос уақытын мағыналы ұйымдастыруға бағытталған. Саябаққа жиналған қауым отбасылық құндылықтарды дәріптейтін түрлі шараларды тамашалап, демалыс уақытын қызықты өткізуде.

Іс-шара аясында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға арналған интерактивті алаңдар құрылып, қатысушыларға қоршаған ортаға ұқыпты қарау, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және күнделікті өмірде пайдалы экологиялық әдеттерді қалыптастыру жөнінде маңызды ақпараттар берілді. Сонымен қатар фестивальдің алғашқы бағыты – «Сахна таланттары» жобасы аясында ашық микрофон ұйымдастырылды. Бұл алаңда елордалықтар мен қала қонақтары ешқандай алдын ала іріктеусіз сахнаға шығып, өз өнерлерін көпшілік назарына ұсынды. Өнер көрсеткен жас таланттар мен аға буын өкілдері ән айтып, би билеп, түрлі шығармашылық нөмірлер орындады.

Фестиваль барысында балаларға арналған арнайы ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылып, танымдық ойындар өткізілді. Белсенділік танытып, сахнада өнер көрсеткен бүлдіршіндерге ұйымдастырушылар естелік сыйлықтар табыстады. Мұнымен қоса, саябақ аумағында киберспорт әуесқойларына арналған арнайы алаң, демалыс және еркін қарым-қатынас кеңістігі, барлық жас санатына арналған крафт-ойындар аймағы, фотозона және экологиялық кеңістік жұмыс істеп тұр.

Айта кетейік, фестиваль бағдарламасы үш бағыттан тұрады. 11–12 шілде күндері контент жасаушылар мен әлеуметтік желі қолданушыларына арналған «TREND UP FEST» ұйымдастырылады. Бағдарлама аясында челлендждер, бейнеролик түсіру алаңдары және блогерлерге арналған ашық сахна жұмыс істейді.

Ал 18–19 шілдеде өтетін «JAS BAND FEST» фестивалі аясында жастардың музыкалық ұжымдары өнер көрсетеді. Бағдарламада авторлық шығармалар мен танымал әндердің кавер-нұсқалары орындалады.

«Отбасы Time» – шығармашылықты, музыканы және заманауи цифрлық үрдістерді біріктіретін, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге және елорда тұрғындарының белсенді демалысын ұйымдастыруға бағытталған қалалық фестиваль.




