Тележүргізуші Динара Сәтжан әлеуметтік желіде өзін балағаттаған ақтөбелік емшімен соттасып жатыр. Продюсер емішін қалайда жазаламақ, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Бұған дейін желіде Бағдагүл есімімен танымал блогер тележүргізушінің жеке басына өтіп, балағаттаған. Содан кейін Динара Сәтжан мен продюсер Баян Алагөзова Instagram парақшаларында жазба жариялап, «емшіні» балағат сөздер айтты, жалған ақпарат таратты және заңды белшесінен басты деп айыптаған еді.
«Сөз бостандығы – тек өз ойыңды айту ғана емес, айтқан сөзің үшін жауапкершілік арқалау. Сөз бостандығы әлдекімді қорлау дегенді білдірмейді. Бір ай бұрын Ақтөбедегі «емшіге» қатысты сотқа талап арыз берген едім. Бүгін Астанада осы іс бойынша алғашқы сот отырысы өтті», – деп жазды Динара Сәтжан.
Тележүргізуші кез келген дауды заң аясында шешуге болатынын айтып, сотқа жүгінгенін мәлімдеді.
«Сондықтан Бағдагүл айтқан сөздері үшін TikTok-та емес, сот алдында жауап береді», – деді ол.
Айта кетейік, Динара Сәтжан ақтөбелік әйелдің TikTok және Instagram желілерінде ақылы бата беріп, «қасиетті заттар» мен БАД-тарды саудалаумен айналысатынын жазған. Соған байланысты Ақтөбе облысы экономикалық тергеу департаментіне ресми сұрау жолдаған.




