Елордадағы жекеменшік тіс емханаларының бірінде 20 жастағы Мұрат есімді жігіттің өліміне соқтырған қайғылы оқиға орын алды. Бұл жағдай туралы Threads әлеуметтік желісінде қолданушы Әсел Айжанова мәлімдеп, медициналық қателік болуы мүмкін екенін алға тартты.
Оқиғаның мән-жайы
Ол Кенесары 65 мекенжайында орналасқан «Tem Dent» стоматологиясында болған жағдайды айтып берген. Марқұмның жақындарының айтуынша, дәрігерлер аллергопроба (сынама) жасамастан бірден екпе салған. Күдік тудырған тағы бір жайт — уколды кәсіби маман емес, тәжірибеден өтіп жүрген практикант салған деген ақпарат. Алғашқы екпеден кейін жігіттің денесі құрысып (судорога), жағдайы қиындағанына қарамастан, оған екінші рет қайталап дәрі егілген. Содан кейін пациент көз жұмған.
Сонымен қатар, марқұмның отбасы оқиғаның шамамен 21:00-де болғанын, бірақ клиника тарапынан ата-анасына тек түнгі 23:37-де ғана хабар берілгенін айтып, әділдік талап етуде.
Полицияның ресми ұстанымы
Астана қалалық Полиция департаменті аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Қазіргі уақытта қажетті сараптамалар тағайындалып, медициналық орталықтағы оқиғаның нақты себептері тексерілуде. Тергеу қорытындысы бойынша заңды шешім қабылданады.




