Қыс мезгілінде көлік жүргізушілерінің бас ауруына айналған «5 минуттық ереже» қайта қаралды. Мәжіліс депутаттары тұрғын үй ауласында қозғалтқышты қыздыру уақытын реттейтін маңызды заң жобасын мақұлдады.
Бұл өзгеріс әсіресе қысы қатты аймақтарда тұратын қазақстандықтар үшін өте өзекті. Өйткені бұған дейін қолданыста болған бірыңғай стандарт жүргізушілер мен көршілер арасында талай дауға себеп болған еді.
Көршілердің «аңдуы» және айыппұл дауы
Қазақстанда аулада көлігін 5 минуттан артық оталдырып тұрғандарға айыппұл салу мәселесі жыл сайын суық түсе бастағанда өршиді. Тіпті Петропавл тұрғынына көршілерінің шағымынан кейін 20 мың теңгеге жуық айыппұл салынғаны (кейіннен дәлел жоқтығынан күші жойылды) көпшіліктің есінде.
Кейбір белсенді тұрғындар қолдарына телефон алып, ауаны ластады деген желеумен жүргізушілерді бейнетаспаға түсіріп, полицияға жолдауды әдетке айналдырған. Ал жүргізушілер болса, «Арқаның аязында көлікті 5 минутта қыздыру мүмкін емес» деп наразылық білдіріп келді.
Экология министрлігі бұған дейін «5 минут жеткілікті» деп сендіргенімен, солтүстік өңірлердегі шынайы жағдай мүлде басқаша екенін халық жиі айтады.
Әр аймақта ереже әртүрлі бола ма?
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар жол қозғалысы туралы заңға маңызды өзгеріс енгізуді қолдады. Жаңа нормаға сәйкес, енді көлік қыздыру уақытын орталықтан емес, жергілікті әкімдіктер реттейтін болады.
Бұл дегеніміз – Астана, Алматы, Шымкент және басқа да облыс әкімдіктері өз аймағының климатына қарай дербес шешім шығарады. Мысалы, қысы жұмсақ оңтүстік пен аязы бет қаратпайтын солтүстік өңірлер үшін уақыт шектеуі әртүрлі болуы мүмкін.
Ресми құжатта жаңа ереже былай деп тұжырымдалған:
"Жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) белгілеген уақыттан артық жұмыс істеп тұрған қозғалтқышпен тұруға тыйым салынады".
Кімдерге шектеу қойылмайды?
Заң жобасында ерекше жағдайлар да қарастырылған. Жаңа шектеулер мына көлік түрлеріне жүрмейді:
-
Электромобильдер (олардың қозғалтқышы ауаны ластамайтындықтан);
-
Жедел жәрдем, өрт сөндіру сияқты арнайы қызмет көліктері.
Мәжіліс қабылдаған бұл заң қазір Сенаттың қарауына жолданды. Депутаттардың пікірінше, бұл өзгеріс климаттық ерекшеліктерді ескеруге және жүргізушілер мен тұрғындар арасындағы түсініспеушілікті азайтуға септігін тигізеді.




