Орал қаласындағы Тұңғыш Президент атындағы алаңда Мемлекеттік рәміздер күніне орай Ту көтеру рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, өңір тұрғындары мен қонақтарын тағылымы мол мерекемен құттықтады, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Мемлекеттік рәміздер — елдігіміздің жарқын көрінісі, халқымыздың мақтанышы әрі абыройы. Тұғырлы Туымыз, еңселі Елтаңбамыз, айбарлы Әнұранымыз — мемлекетіміздің мызғымас үштағаны. Тәуелсіздігіміздің символы саналатын нышандарды ардақтау – әрбір қазақстандықтың қастерлі міндеті. Құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, жас ұрпаққа рухани-патриоттық тәрбие беріп, келешекте де ел игілігі жолында жұдырықтай жұмылайық, - деді облыс әкімі.
Мерекелік шараға 2 мыңға жуық адам қатысты. Патриоттық әндер әуелеп, Мемлекеттік ту көтерілді. Аймақ басшысы өңірдің өсіп-өркендеуі жолында еңбек етіп жүрген бір топ азаматқа алғыс хат табыстады.
Айта кетейік, Мемлекеттік ту көтеру рәсімдері өңірдің барлық ауданында ұйымдастырылды.




