Шетелдіктер асырап алған қаза баласы Жәнібектің (Jani Saveliev) анасы болуы мүмкін әйел туралы жаңа ақпарат шықты. «Қазақ радиосының» хабарлауынша, редакцияға келген хаттағы деректер Жәнібектің құжаттарындағы мәліметтермен сәйкес келеді.

Хат иесінің айтуынша, Жәнібектің анасы болуы мүмкін әйел - оның қайын әпкесі. Ол 2002 жылы Моңғолиядан Арқалыққа оқуға келген. Бойжеткен жүкті болып қалғанын туыстарынан жасырып, перзентханада босанғаннан кейін баладан бас тарту туралы қолхат жазып қалдырған.

Автор бұл бала Жәнібек болуы мүмкін деп болжайды. Бұған сәбидің туған күнінің сәйкес келуі және Жәнібектің сол әйелге сырттай ұқсастығы себеп болып отыр.

Қазіргі таңда хат жолдаушы тарап мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін ДНК сараптамасын тапсыруға дайын екенін жеткізді. Бұл сараптама Жәнібек пен аталған әйелдің арасында биологиялық байланыстың бар-жоғын нақты көрсетеді.