Шымкентте қоғамдық көліктің жүргізушісі жүз теңге үшін өліп қала жаздады. Жүргізуші Мақсат Жолаевтың сөзінше, оны басынан балғамен ұрып, бетін кастетпен жыртып жіберген. Қоғамдық көлік жүргізушісіне бірнеше адам күш көрсеткен, деп хабарлайды Todayinfo агенттігі.
Жолаушы жол ақысын төлемей жанжалдасқан соң, таныстарын шақырған. Оны аялдамада күтіп тұрған таныстары жүргізушіге елдің көзінше жабыла кеткен. Алайда бір адам ғана күдікке ілінді.
«Түссем мына жақта үш бала күтіп тұр екен. Біреуі басымнан балтамен ұрады, біреуі қолындағы кастетпен жағымнан ұрады. Жағым жыртылып кетті. Сонымен талып қалдым. Не болғанын білмеймін. Ешкім арашалаған жоқ. Қарап тұрғанның бәрі әйелдер еді», – дейді жүргізуші.
Таяқ астында қалған жүргізуші жедел жәрдем көлігінде есін жиған. Денсаулығы нашарлап, жансақтау бөліміне түскен.
«Түскен кезде бас жарақаттары болған. Дәрігермен қабылдау бөлімінде алғашқы көмек көрсетіліп, кейін жедел түрде стационарлық көмек қажет болғандықтан, оны нейрохирургия бөліміне жатқызған. Қазір науқас ем алып жатыр. Жағдайы орташа дәрежелі ауырлықта», – деді дәрігер Ерлан Құрбанқожаев.
Қазір бұл іске қатысты бір адам қамауға алынған. Төсек тартып жатқан жүргізуші оған бір емес, бірнеше адамның жабылғанын айтып отыр. Сондықтан басқаларының жазаға тартылғанын талап етпек.
«Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу сотымен күдіктіге қатысты күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы қабылданды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр», – деді Шымкент қалалық полиция департаменті.
Stan. kz порталының мәліметінше, Мақсат Жолаевтың коғамдық автобусқа ауысқанына биыл 5 жыл болған. 36 жастағы жігіт үйінің жалғыз асыраушысы, көпбалалы әке.




