Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

Чехияда топ жарған қазақ қызы: Әмина Қайырбековаға бір-ақ қадам қалды

Астаналық 20 жастағы шахматшы Әмина Қайырбекова Чехиядағы турнирде күміс алып, халықаралық шебер атағына соңғы норманы орындады.

Авторы Мұхтар Жексенбай··1 мин оқу
Чехияда топ жарған қазақ қызы: Әмина Қайырбековаға бір-ақ қадам қалды

20 жастағы қазақстандық шахматшы Әмина Қайырбекова Чехияда өткен Marienbad Open 2026 халықаралық турнирінде күміс жүлдегер атанып, халықаралық шебер (IM) атағына қажетті соңғы нормативті орындады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Бұл жеңіс астаналық спортшыға ерлер арасындағы халықаралық шебер атағына қол жеткізуге мүмкіндік берді. Әмина бұған дейін екі норманы 2022 жылы Сербияда және 2025 жылы Венгрияда өткен жарыстарда орындаған болатын. Енді оның бұл мәртебені ресми түрде иеленуі FIDE Президенттік кеңесінің алдағы отырысында бекітіледі.

Дегенмен, атақты толыққанды алу үшін бір маңызды шарт бар: шахматшының жеке рейтингі 2400 ұпайға жетуі тиіс. Қазіргі уақытта Әминаның көрсеткіші – 2348 ұпай. Бұл мақсатқа жету үшін оған алдағы турнирлерде тағы 52 ұпай жинау қажет.

Әмина Қайырбекова қазірдің өзінде әйелдер арасындағы гроссмейстер (WGM) атағына ие. Ол 2023 жылы Қазақстан құрамасы сапында командалық әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанса, 2024 жылдың желтоқсанында еліміздің әйелдер арасындағы чемпионы болды.

Чехиядағы Marienbad Open фестивалінің басты турниріне сегіз елден үш гроссмейстер мен бір халықаралық шебер қатысып, бәсеке өте жоғары деңгейде өтті. Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды украиналық тәжірибелі гроссмейстер Антон Коробов иеленсе, үшінші орын моңғолиялық халықаралық шебер Хуягцогт Итгельтқа бұйырды.

Айта кетерлігі, осы фестивальдің басқа турнирінде тағы бір қазақстандық спортшы, шымкенттік Зейнеп Сұлтанбек те сәтті өнер көрсетті. Ол 6½ ұпаймен төртінші орынға ие болып, үш халықаралық шеберді артта қалдырды.

Қазіргі таңда Қазақстанда әйелдер арасында Жансая Әбдімәлік пен Бибісара Асаубаева гроссмейстер атанса, Гүлісхан Нақбаева, Динара Сәдуақасова және Меруерт Камалиденова халықаралық шебер мәртебесіне ие. Әмина Қайырбекова жақын арада осы тізімді толықтыруы мүмкін.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас материалдар