Ақмола облысы, Жібек жолы ауылындағы сүт зауытында газ жарылысы болды. Оқиға салдарынан екі қызметкер жарақат алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Оқиға Аршалы ауданындағы кәсіпорында болған. Жарылыс өртке немесе ғимараттың бұзылуына әкелмегенімен, екі жұмысшы ауыр жарақат алды. Ақмола облысы полиция департаментінің алдын ала мәліметінше, себеп — кәсіпорынның жер асты резервуарынан қоймаға түскен газдың ағуы болған.
Жарылыс салдарынан зардап шеккендердің денесінің 40%-ға дейінгі бөлігі күйік шалған, соның ішінде қолдары, аяқтары және беті зақымданған. Олар елордадағы ауруханалардың біріне жеткізіліп, қажетті медициналық көмек алуда.
«Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Мән-жайлар анықталып жатыр», — деп хабарлады Ақмола облысы ПД.




