Күні кеше ерлі-зайыпты блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот аяқталды. Блогерлер үкім жарияланғаннан кейін сотқа, прокуратураға және қазақстандықтарға алғыс айтты, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Видеоны олардың адвокаты Гауһар Айтжанова жариялады. Ол “сот процесі ақыры аяқталды” деп мәлімдеді.
Ал блогерлер өз қателіктерін түсінгенін айтып, өзгелерді мұндай әрекетті қайталамауға шақырды.
“Біз сотқа, қабылданған шешім үшін прокуратураға алғыс айтқымыз келеді. Сондай-ақ бейжай қарамай, қолдау білдірген, бізге деген ықыласы мен сүйіспеншілігін сездірген барша отандасымызға рақмет айтамыз. Туыстарымыз сіздердің тілектеріңізді оқып, бізге жеткізіп отырды. Тіпті Гауһар Алтынбекқызы да үнемі “Жұрттың бәрі сіздерді қолдап жатыр” деп айтып жүрді. Біз өз қателігімізді түсіндік. Мұны қайталамаңыздар. Сондықтан баршаңызға шын жүректен алғыс айтамыз”, – деді Эльмира Төлегенова қазақстандықтарға үндеуінде.
Ерболат Жанабылов та қолдау білдіргендердің бәріне алғыс айтты.
“Барлық оқырманға және бізді қолдаған жандарға көп рақмет”, – деді блогер.




