Шығыс Қазақстан облысында синтетикалық есірткі өндіретін жасырын зертхана жойылды, деп хабарлайды ІІМ.
Жедел-іздестіру іс-шаралары кешенінің нәтижесінде 26 және 22 жастағы екі күдікті ұсталды. Тергеу мәліметтері бойынша, олар шалғай ауылдың шетінен жеке үй сатып алып, онда есірткі заттарын өндіруді ұйымдастырған.
Тінту кезінде қолдан жасалған зертханалық жабдық, шамамен 70 кг дайын синтетикалық өнім («Альфа-PVP»), сондай-ақ 4 тоннаға жуық химиялық реагенттер мен прекурсорлар алынды.
Құқыққа қайшы әрекетті үйлестіру интернеттің көлеңкелі сегменті арқылы қашықтан жүзеге асырылғаны анықталды.
Құқық қорғау органдарының бағалауы бойынша, шамамен 250 мың бір реттік дозаның заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді.
Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілерге өмір бойы бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қаупі төніп тұр.
ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басым бағыттардың бірі болып қала беретінін атап өтті. Осындай фактілерді анықтау және жолын кесу жұмыстары жалғасуда.



