Тәуелсіздік күні мерекесінде Астанадағы «Сарыарқа» велотрегі ерекше жарысқа куә болды. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған параспортшылар Қазақстан Кубогы үшін бақ сынап, мықтыны анықтады.
Бұл дода – тек жүлде үшін ғана емес, ерік-жігер мен адам мүмкіндігінің шексіз екенін дәлелдейтін алаң. Жарысқа тірек-қимыл аппараты зақымданған және зияткерлік даму ерекшелігі бар спортшылар қатысып, нағыз бәсеке көрсетті.
Екі күнге созылған тартысты бәсекеде спортшылар бірнеше қашықтықта сынға түсті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы доданың деңгейі жылдағыдан жоғары болған.
Велотректегі тартыс: кімдер алтын алды?
Жарыстың ең қызықты сәттерінің бірі – 3 шақырымдық жекелей жарыс болды. C санатында (тірек-қимыл мүшелері зақымданғандар) қостанайлық Павел Бабенко қарсылас шақ келтірмей, 4:30,62 уақыт көрсеткішімен жеңіске жетті. Елордалық Ринат Марденов күміс жүлдегер атанса, алматылық Дәурен Ахметов үздік үштікті түйіндеді.
Ал I1 санатында (интеллектуалдық ерекшелігі барлар) Астана қаласының намысын қорғаған Владислав Толомасовқа тең келер ешкім болмады – ол Кубок иегері атанды. Бұл санаттағы жүлделі орындарды Алдияр Жолман мен Ахмет Буюрған бөлісті.
Жалпы командалық есепте Астана құрамасы көш бастады. Елордалықтар қоржынға 4 алтын, 5 күміс және 3 қола медаль салып, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Екінші орын Қостанай облысына бұйырса, жүлделі үшінші орынға Алматы қаласының спортшылары жайғасты.
Паравелоспорттың келешегі: сарапшылар не дейді?
Жарыстың өтуіне мұрындық болған Мәжіліс депутаты, белгілі қоғам қайраткері Сейтжан Кенжеғұл спортшыларды жеңісімен құттықтап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, паравелоспорттың географиясы жыл сайын кеңейіп келеді.
«Биыл жарысқа алты облыстың өкілдері қатысты. Ал келесі жылы оннан астам өңірді қамтуды жоспарлап отырмыз. Бүгін жүлдеге ілікпеген балаларға айтарым – мойымай, келесі жылы тыңғылықты дайындықпен келіңіздер. Біз сіздерді күтеміз», – деді депутат.
Айта кетейік, додаға Velolegend командасынан 17 спортшы қатысқан. Жарысқа Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды, Ақмола, Қостанай облыстарынан келген спортшылардың белсенділігі елде инклюзивті спортқа деген қызығушылықтың артқанын көрсетеді.




