Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) RAKS Exchange криптосервисінің жұмысын тоқтатты. Бұл сервис арқылы Қазақстан, Ресей, Украина және Молдовадағы 200-ден астам наркомаркеттің ақшасы өткен, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
ҚМА мәліметінше, сервис қолма-қол ақшаны криптовалютаға және керісінше аударып, оның шығу тегін жасырып отырған. Платформаның жалпы айналымы 224 млн доллардан асқан. Тергеу барысында 4 мыңнан астам криптоәмиян тексеріліп, 9,7 млн USDT активтері бұғатталған. Оның 3,2 млн доллары тәркіленіп, агенттік шотына аударылды.
«Тергеу бүкіл тізбекке соққы берді: есірткі жеткізу тоқтатылды, сату арналары бұзылды, бірнеше есірткі дүкені жабылды», — делінген ҚМА хабарламасында.
ҚМА істі тергеуді жалғастырып жатыр. Бұған дейін Ұлттық банк криптоплатформалар операторлары үшін қатаң ережелер енгізген болатын.




