Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

«Ғасырлар бойы аңсаған арманға жеткізді»: белгілі ғалым Мұртаза Бұлұтай Тәуелсіз еліміздің жетістіктері жайлы жазды

Белгілі ғалым, мәдениеттанушы Мұртаза Бұлұтай Тәуелсіздік күніне орай пікір білдірді. Қоғам қайраткері егемен елдің елге тигізген жақсылықтарын тізіп шықты, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі. «Тәуелсіздік бізге не берді? Бұл сұраққа тәуелсіздік бізге бәрін һәм барын б

Авторы Жаннұр Еділбаева··1 мин оқу
«Ғасырлар бойы аңсаған арманға жеткізді»: белгілі ғалым Мұртаза Бұлұтай Тәуелсіз еліміздің жетістіктері жайлы жазды

Белгілі ғалым, мәдениеттанушы Мұртаза Бұлұтай Тәуелсіздік күніне орай пікір білдірді. Қоғам қайраткері егемен елдің елге тигізген жақсылықтарын тізіп шықты, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.

«Тәуелсіздік бізге не берді? Бұл сұраққа тәуелсіздік бізге бәрін һәм барын берді деп жауап берер едім. Ең әуелі тәуелсіздік бізді ғасырлар бойы аңсаған арманға жеткізді. Өз тізгіні өзінде, әлем таныған, шекарасы берік, құқығы толық, еңсесі биік ел болдық. Адамзат Қазақстан деген дербес мемлекеттің бар екенін, қазақ деген өміршең халықтың бар екенін білді. Есесіне біздің азаматтарымыз да шетелдерге емін-еркін бару мүмкіндігіне ие болды»,- деді ол.

Оның сөзінше, тәуелсіздік жылдары жастарға білім мен ғылым саласында жаңа мүмкіндіктер ашылды.

«Мыңдаған жастарымыз шетелдерде білім алды, ғылыми зерттеу жұмыстарына қатысты. Өнерпаздарымыз өз елінің өнерін паш етті, ал спорт саңлақтарымыз өз елінің атынан бәйгелерге қосылып, өз елінің байрағын желбіретті. Төл ақшамыз айланымға түсті, халықаралық биржаларда аты естілді. Ұлттық қарулы күштеріміз жасақталды, қазір нығаю үстінде. Тарихта тұңғыш рет жан-жаққа шашырап кеткен қандастарымыз еліне қайта орала бастады. Тәуелсіздік жылдарында бір миллионнан астам қазақ Қазақстанға қоныс аударды. Мен де солардың бірімін. Тәуелсіздік болмағанда біз келе алушы ма едік? Алдымыздағы жылдары отанға оралушы қазақтардың саны артатын шығар деген үміттеміз»,- деді ғалым.

Ол экономиканың дамуына қатысты пікірінде өндірістің әртараптануына тоқталды.

«Тәуелсіздік жылдары ел экономикасы көтерілді. Бұрынғы Кеңес дәуірінде Қазақтан шикізат өндіруші ел болса, бүгінгі күні елімізде кіші және орта деңгейдегі өндіріс ошақтары етек жайып келеді. «Қазақстанда жасалған» деген сөздің өзі құлаққа қандай жағымды, қандай әдемі естіледі. Елімізде бұрын болмаған өндіріс салалары іске қосылды. Жоғары оқу орындарымыз бен арнайы кәсіби білім беретін оқу орындарында жаңаша мамандықтар бойынша мамандар дайындала басталды. Тәуелсіздік жылдарында елімізде құқықтық-азаматтық қоғам орнату жағынан сүбелі жетістіктерге қол жеткіздік. Бұл процесс әлі де жалғасуда»,- деді ол.

Ғалым плюралистік демократияның орнығуы тиімді дәрежеде жүріп жатқанын да еске салды.

«Қазақ тілі мемлекет тілі мәртебесін алды. Ендігі міндет туған тілімізді осы мәртебеге сай өмірдің барлық салаларына енгізу. Көп жылғы тоқыраудан соң халқымыздың саны да өсе бастады. Осының барлығы да тәуелсіздіктің жемісі ғой. Бұдан былайғы басты мәселе осы тәуелсіздікті сақтап қалу. Ол үшін ұлттық бірлік пен берекені сақтауымыз, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуіміз және ұлт мүддесін жеке бастың мүддесінен жоғары қоюды үйренуіміз шарт. Сонымен қатар ішкі татулық пен көрші елдермен ынтымақтастықты сақтап, одан ары нығайтудың маңыздылығын айтпасқа болмайды. Тәуелсіздігің құтты һәм баянды болсын ардақты қазақ елім!»,- деді ғалым.

Ұқсас материалдар

«Ғасырлар бойы аңсаған арманға жеткізді»: белгілі ғалым Мұртаза Бұлұтай Тәуелсіз еліміздің жетістіктері жайлы жазды · Todayinfo